Қазақстан мен Үндістан екі елде сотталған өз азаматтарын жазасын өтеу үшін бере алады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Қазақстан мен Үндістан екі елде сотталған өз азаматтарын жазасын өтеу үшін бере алады - Сенат

Екі ел арасындағы келісімге 2015 жылы 8 шілдеде Астана қаласында қол қойылған болатын. Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Үндістан әр тараптың соттарымен бас бостандығынан айырылған адамдарды өзінің азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін беруге міндетті болады.

Келісімге сәйкес, беруші тарап қана қайта қарау туралы кез келген өтініш бойынша өз үкімін қайта қарауға құқылы болады. Өйткені бұл мәселе сотталған адамға қатысты үкімді орындаушы тараптың тиісті органдарының құзыретін жатады.

Ал олар сот немесе әкімшілік шешімдер шығаруға құқылы болып табылады. Бұдан бөлек, келісімге сәйкес, сотталған адамды қылмыстық қудалауға немесе беруші тарапта жазаның тағайындалуына әкеп соққан нақ сол әрекеттері үшін сот жауаптылығына тартуға жол берілмейді.

Құжатта сотталған адамдардың транзиті мәселесі де қарастырылып отыр.

Заң жобасы Сенаттың алдағы отырысына талқыға шығарылмақ.