Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Ғабиден Темірбеков Вьетнам Социалистік Республикасының Сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің директоры Люонг Тан Куанмен бейнеконференция форматында келіссөз өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар консулдық салада достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мүмкіндігін атап, алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі ретінде екі елдің жалпыазаматтық паспорт иелері үшін визалық режимді жеңілдету жөнінде үкіметаралық келісімге қол қоюға уағдаласты.

Ғ. Темірбеков Вьетнам тарапына Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік-Шығыс Азия өңірімен түрлі салалардағы байланысты одан әрі тереңдету ниеті туралы айтты және үкіметаралық құжаттарға қол қою - оны тікелей растау екенін жеткізді.

Люонг Тан Куан екі ел арасындағы қарым-қатынаста таңдалған бағыттың маңызына назар аударды және халықаралық шартты тез арада келістіруге бар күшін салуға дайын екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар
telegram