Қазақстан мен Вьетнам арасындағы инвестициялық ахуал жақсара түспек - Мәжіліс

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өтіп жатқан Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы инвестициялық ахуал жақсара түспек - Мәжіліс

Келісімнің мақсаты инвесторларға қолданыстағы заңнамада көзделгеннен тыс қосымша кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы өзара инвестицияларға қатысты инвестициялық ахуалды жақсарту болып табылады. Бұл ретте келісім салық салуға, мемлекеттік сатып алуға, уағдаласушы тарап берген субсидияларға немесе гранттарға қолданылмайды. «Құжат инвесторларды қолдау және өзара қорғау үшін қолайлы құқықтық шарттар құруға, инвестициялық климатты жақсартуға және екі ел арасындағы қолайлы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім экспроприация, ұлттандыру, инвесторға өтемақы төлеу және дауларды шешуге қатысты нормаларды қарастырады. Сонымен бірге, заң жобасы Тараптар арасындағы дауларды шешу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық төрелік соттарды қалыптастыру рәсімін егжей-тегжейлі реттейтін ережелерді қамтиды», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Еске сала кетейік, Келісімге Вьетнамның Премьер-Министрі Нгуен Тан Зуңтың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде 2009 жылы 15 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған.