Қазақстан мен Венгрияның сот жүйесіндегі ынтымақтастығын нығайту мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми елімізге ресми сапармен алғаш рет келген Венгрия Куриясының (Жоғарғы Соты) Төрағасы Петер Даракпен кездесті, деп хабарлады ЖС баспасөз қызметінен.

Қазақстан мен Венгрияның сот жүйесіндегі ынтымақтастығын нығайту мәселесі талқыланды

Петер Дарак Қазақстанға Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің шақыруы бойынша келді. Кездесудің алғашқы бөлігінде тараптар екі елдің қарым-қатынастары қарқынды әрі көп қырлы сипатта дамып келе жатқанын, Қазақстан мен Венгрияны ортақ тарих, мәдениеттер мен дәстүрлердің ұқсастығы жақындастыратынын атап өтті. Венгрия Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды серіктесі болып саналады. «Біздің елдеріміз арасындағы көп векторлы ынтымақтастық құқықтық саладағы қарым-қатынастардың дамуына негіз болды деп есептеймін. Қазақстан мен Венгрияның сот органдары арасында бірлескен жұмыстар атқаруда зор әлеуеті бар деп сенемін» - деді Қ.Мәми. Әңгіме барысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы еліміздегі сот жүйесінің жұмысы, Жоғарғы Сот пен жергілікті сот төрелігі органдарының қызметі, соттар жұмысына жаңа ақпараттық технологияларды енгізу барысы, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыруды жақсарту жөнінде қабылданып жатқан заңнамалық шаралар туралы хабардар етті. Қ.Мәми Қазақстан мен Венгрияның судьялар одағы Халықаралық Судьялар қауымдастығының (ХСҚ) толыққанды мүшелері екенін атап өтіп, осы ұйым аясындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне назар аударды. Тараптар бұл кездесудің екі елдің сот ісін жүргізу саласындағы жаңа тәсілдерді зерделеу, сондай-ақ сот саласын дамыту бойынша тәжірибе, ақпараттар және жетістіктерін алмасу тұрғысында маңызды екеніне және сот жүйесіндегі ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталды.