Қазақстан мен Жапония әуе қатынасын қайта бастауға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырзамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады.
Салтанат Томпиева қазақстандық әуе компаниялар 2025 жылдың бірінші жартысында екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Ямада мырза өз кезегінде бұл мәселеде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы экономикалық, іскерлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту үшін әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.