Қазақстан мешіттерінде радикалдық бағыттар насихатталмайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Идеологиялық тұрғыда жастардың басын айналдыру тетіктері Интернет желісінде қамтылып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов мәлім етті.
«Мешіт ішінде намазға келген жамағаттың бірде-біреуі радикалдандыру насихатына ұшырамайды. Өйткені, мешіттерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары бұл жағдайды қадағалап отырғанын біз нақты айта аламыз. Олар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр», - деді агенттік басшысы.
М. Әзілхановтың сөзіне қарағанда, идеологиялық тұрғыда жастардың басын айналдыру тетіктері Интернет желісінде қамтылып отыр. Сондай-ақ , бұндай шаралар мешіттен тыс бейресми топтарда жүзеге асырылады.
«Мешітке барлық жамағат жұма намазына қатысу үшін келеді. Осы кезде намаз осы мешіттің имамының жетекшілігімен өтеді және онда жұмалық уағыздан басқа әңгіме жүргізілмейді», - деп түйді М. Әзілханов.