Қазақстан мигранттарға қатысты халықаралық талаптарды толық орындап отыр - Бас прокуратура
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- Еңбек миграциясы өте күрделі үдерістердің бірі. Сондықтан бұл салада біршама мәселелердің бар екені рас. Бірақ бұл бағытта Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындап келеді.
Бұл туралы Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясында Бас прокуратураның департамент бастығы Андрей Кравченко мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан өз еліндегі заңнамаларды да халықаралық нормаларға сәйкестендірген. Олар қазір елдегі мигранттардың құқықтарын қорғауға толығымен мүмкіндік береді. «Сонымен қатар жақында ғана елімізде «Босқындар туралы» заң қабылданып жұмыс істеуде. Бізде қазір әсіресе еңбек миграциясы саласында біршама ілгерілеушіліктер бар. Еліміз еңбек мигранттарының құқықтарын қамтамасыз етуге барынша күш салып отыр. Бұл бағытта мемлекетте арнайы нормативтік- құқықтық акті де қабылданды. Сонымен қатар жақында елдегі заңсыз мигранттардың мәселелерін шешу шаралары іске асырылды. Яғни біз көшіп-қонушыларға өздерінің мәртебелерін заңдастыру үшін жеңілдіктер жасадық», деді Бас прокуратура өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі жиында мигранттардың балаларын оқыту мәселесі өткір қойылды. «Қазақстан
қазір бұл салада да өзінің халықаралық міндеттерін орындап отыр. «Балалар ата-аналарының қандай мәртебеде болғандығына қарамастан білім алуға мүмкіндіктері болуы керек. Ал олардың ата-аналары еліміздің көші-қон заңнамаларына сай жүргендері дұрыс», деді А.Кравченко.