Қазақстан ұстаз беделін нығайту бойынша әлемде екінші орында тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың 95 пайызы еңбекақысына қанағаттанатынын, ал 80 пайызы — мұғалім мамандығын қайта таңдауға дайын екенін айтқан. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында мәлімдеді. 

мектеп
Фото: Kazinform/ ЖИ

Президент ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді.

5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді.

— Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы.

TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр.

— Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген. Баршаңызға зор алғыс, — деді Президент.

Бұған дейін Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырған еді