Қазақстан мұнай мен газ өңдеу әлеуетін қалай арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұнай-газ саласында өндіріс көлемін сақтаумен қатар, шикізатты терең өңдеуге және газ ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр. Алдағы жылдары мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылып, жаңа газ өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді.

газ
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Оның айтуынша, мұнай-газ саласында негізгі жұмыс өндіру көлемін сақтауға және өңдеу саласын дамытуға бағытталған. Биылғы 9 айда 69,4 млн тонна мұнай және 47,4 млрд текше метр газ өндірілген.

— Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Бұған сыртқы факторлар, атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдар және Теңіз кен орнындағы өрт себеп болды. Өндірістегі шығындардың орнын толтыру мақсатында Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары 2027 жылға ауыстырылды, — деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Өндіру көлемін ұлғайту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылы Теңіз кен орнында іске қосылған Келешек кеңейту жобасы мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған алтыншы компрессор іске қосылып, мұнай өндіру көлемін жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.

— Мұнай өңдеу саласын дамытуға ерекше назар аударылды. 9 айда мұнай өңдеу көлемі 14,1 млн тоннаны, ал мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,9 млн тоннаны құрады. Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін кеңейтіледі, — деді Н. Нәлібаев.

Президент тапсырмасына сәйкес, қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де пысықталып жатыр.

Газ саласында 2035 жылға дейін көмірсутектердің жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары қабылданып, 2035 жылға қарай елді газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жөнінде Жол картасы әзірленді.

Жыл қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетеді. Нәтижесінде 13,2 млн адам газ тұтынуға қол жеткізеді.

— Газды терең өңдеуді дамыту мақсатында 2027 жылы Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр және Жаңаөзен қаласында 0,9 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыттары пайдалануға беріледі. 2029-2030 жылдары Қашаған кен орнында қуаты жылына 2,5 млрд текше метр және Қарашығанақ кен орнында 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыттары іске қосылады, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанда салынып жатқан үш жаңа әуежай құрылысына қанша қаражат бөлінгенін айтты.

2029 жылға дейін 13,3 ГВт болатын жаңа энергия нысандарын іске қосу жоспарланып отыр.