Қазақстан мұнай өнімдерінің экспортын екі есе арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұнай өңдеу көлемін арттыруды және шикі мұнай өндіру мен дайын өнім шығару бойынша қазіргі арақатынасты біртіндеп өзгертуді көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. 

Қазақстан мұнай өнімдерінің экспортын екі есе арттырмақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елде жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріліп, шамамен 19 млн тоннасы өңделеді. Осылайша, өндірілген әрбір бес тонна мұнайдың шамамен бір тоннасы өңделеді.

— Сондықтан Қазақстанда жалпы қуаттылықты жылына 40 млн тоннаға дейін арттыруды көздейтін мұнай өңдеуді дамыту тұжырымдамасы әзірленді, — деді Ерлан Ақкенженов.

Осы орайда ол өңдеу қуаттылығының артуы Қазақстанға көршілес елдерге дайын өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

— Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы өңірдегі табиғи ресурстарға бай елдер екені жасырын емес. Сондықтан болашақта барлық көршімізді жоғары сапалы мотор отынымен елеулі көлемде қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Бұған қол жеткізу үшін біз өңдеу көлемін арттырып, еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуіміз қажет, — деді министр.

Айта кетейік, Энергетика министрі биыл төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша нақты шешім болатынын мәлім етті.