Қазақстан мұнай және газхимиялық өнімдер экспортын 2,5 млрд. долларға жеткізуді жоспарлауда - Ә.Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2019 жылға қарай мұнай және газхимиялық өнімдердің экспортын 2,5 млрд. АҚШ долларына жеткізуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Қазақстан мұнай және газхимиялық өнімдер экспортын 2,5 млрд. долларға жеткізуді жоспарлауда - Ә.Исекешев

«Мұнай және газхимия бізде жаңа сала болады. 2019 жылы бізде отандық полипропилен, полиэтилен, полимерлі өнімдер және оның экспорты 2,5 млрд. АҚШ долларына жетеді. Осылайша нөлден бастаған сала өңдеуші саланың 5 пайыз үлесін құрайтын болады», - деп атап өтті ол.

Ол сонымен қатар 2016-2017 жылға қарай елдегі мұнай өңдеуші зауыттардың барлығы жаңғыртылудан өтіп бітетіндігін хабарлады. Ол өз кезегінде жылына 19 млн. тонна мұнайды өңдеуге мүмкіндік береді және ішкі нарықты жоғары сапалы еуро-4 пен еуро-5 жанар-жағармайларымен қамтамасыз етуге сеп болады.