Қазақстан мұнайының 110 жылдығына орай «Бейбіт еңбек батырлары» тақырыбында ардагерлермен кездесу кеші өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеш қонақтары - қазыналы Маңғыстау өңірінің кен байлығын іздеу, игеру жұмыстарына зор үлес қосқан, түбектің алғашқы геологтарының бірі, Қаражанбастың мұнай кенін ашқан Әділ Нұрманов, ол кен орнында бұрғылау жұмыстарын жүргізген Санақ Таянов және Қаражанбас кен орнында көп жыл құрылыс бөлімінде еңбек еткен Мақпал Иманғалиева болды.
Қаражанбас мұнай кен орнында алғашқы мұнай атқылаған ұңғы орны қоршалып, жанында оны ашқан ардагерлер тізімі жазылған тақта орнатылған. Тізімде алғашқылардың бірі болып тұрған Ә. Нұрманов, С.Таянов өздерінің алғашқы еңбек бастауы болған жерді көріп, жабулы ұңғының тетіктерін ұстап, өткен күндерін еске алды.
Кезінде көптеген қиындыққа қарамастан, бекітілген жоба мен актісі болмаса да геолог Ә. Нұрмановтың қайтпас қайсарлығы мен сол жерде мұнай барлығына сенімділігінің арқасында оның тапсырысымен бұрғылау шебері С.Таянов Қаражанбас алаңын бұрғылауды бастайды. Білікті маманның ізденісімен сенім ақталып, 1974 жылдың 26-шы қаңтарында Қаражанбастың алғашқы ұңғысынан мұнай фонтаны атқылайды.
Қаражанбастықтар ардагерлердің естелігіне қанығып, қазақ мұнайының игерілу, даму, өркендеу жолындағы қиындықтар мен табыстардан хабардар болды.
Компания басшылығының атынан әкімшілік департаментінің директоры Ақмоншақ Баужанова ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтап, «Қаражанбасмұнай» АҚ президентінің Алғыс хаттары мен ақшалай және корпоративтік сыйлықтарын табыс етті.