«Қазақстан мұражайлар одағы» және «Қазақстанның этнологтары мен антропологтары қауымдастығы» құрылмақ

АЛМАТЫ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда     «Қазақстан мұражайлар одағы» және  «Қазақстанның этнологтары мен антропологтары қауымдастығы» құрылмақ.

«Қазақстан мұражайлар одағы» және  «Қазақстанның этнологтары мен антропологтары қауымдастығы» құрылмақ

Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан "І Арғынбаев оқулары" халықаралық конференциясында мәлім болды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны  Қазақстан мемлекеттік орталық мұражайы мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірігіп ұйымдастырған болатын. Екі күндік бұл шараға Қазақстан мұражайларының басшылары,  ғылыми қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай сияқты елдерден келген    этнографтар, тарихшылар   қатысуда. Конференция жұмысы  «Этнология ғылымының теориялық-әдістемелік, деректанулық және тарихнамалық мәселелері», «Тарихи және қазіргі этнология мәселелері», «Мұражай - ғылыми-зерттеу институты» деп аталатын секциялар бойынша өтпек. Конференция соңында енді «Қазақстан мұражайлар одағы» және  «Қазақстанның этнологтары мен антропологтары қауымдастығы» құрылады деп жоспарланып отыр. Этнограф Серік Әжіғалидың айтуынша, бұл шараның Халел Арғынбаев оқулары аясында жүзеге асуы кездейсоқ емес. Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-этнографиялық атласын құраушылардың бірі саналатын ғалымның есімі  ғылым әлемінде  ілтипатпен аталады.