Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VI құрылтайы өтті
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінде Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VI құрылтайы өтті.
ҚМДБ мәліметінше, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, зиялы қауым өкілдері, өкіл имамдар, діни басқарма қызметкерлері қатысты. Құрылтайда ҚМДБ Төралқа мәжілісінде мақұлданған жаңа Жарғы бекітілді. Жарғы мәтіні құрылтайда толықтай оқылды.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы, Қайрат Лама Шариф еліміз бойынша тіркелмей қалған 110 мешітті қайта тіркеу туралы ұсыныс жасады.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қаржылық көмекке зәру мешіттерге діни басқарма тарапынан көмек көрсетіліп келе жатқанын, бұл игі дәстүр жалғаса беретінін мәлімдеді.
Құрылтайда Жарғының кейбір баптарына толықтырулар енгізіліп, бір ауыздан мақұлданып бекітілді.
Алқалы жиында арнайы қаулы қабылданды. Онда ҚМДБ Жарғысын ҚР Әділет министрлігіне қайта тіркеу туралы ұсыныс мақұлданды. ҚМДБ оқу орындары мен филиалдарының үлгі ережесі бекітілді.