Қазақстан Мысырмен арадағы әуе байланысын қалпына келтіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың наурызынан бастап «SCAT» әуекомпаниясы Алматы - Шарм-эль-Шейх - Алматы бағыты бойынша тікелей әуе рейсін орындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстан Мысырмен арадағы әуе байланысын қалпына келтіреді

«Fly Egypt» әуекомпаниясы да биыл наурыз айынан бастап аптасына екі рет Қазақстанға тұрақты әуе рейсін жүзеге асыруды көздеп отыр. Әуекомпаниясы қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін Азаматтық авиация комитеті 30 күннің ішінде рұқсат беретін болады.

Қазақстан мен Египет арасында тұрақты әуе байланысын ашу мәселесін шешу үшін ҚР ИДМ ААК Мысырдың авиациялық қауіпсіздік, қазақстандық туристік қауымдастық қызметкерлерімен бірге инспекциялық тексеру жүргізді. Шарм-эль-Шейх қаласының (Египет) халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік жүйесін шолу қорытындысы бойынша оң тұжырым берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы 31 қазанда Мысырда ресейлік ұшақтың апатынан кейін ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті Мысыр әуекомпанияларының Қазақстанға және қазақстандық әуекомпанияларының Мысырға ұшуын уақытша тоқтату туралы ұсыныс берген болатын.