Қазақстан нарығында қытай автомобиль брендтерінің танымалдығы артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы жылдары Қазақстанның автомобиль нарығында ресми түрде ұсынылған Қытай автомобиль брендтерінің саны күрт артып, олардың модельдік қатары да біртіндеп артып келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қазақстанда құрастырылатын қытай автомобиль брендтері

Автомбиль нарығын мониторингілеу және сараптау агенттігінің (АНМСА – Қазақстанның, Азияның және әлемнің автомобиль және аралас салаларындағы экономикалық процестерді сараптау және мониторингілеуге маманданған тәуелсіз жеке зерттеу ұйымы) мәліметінше, бұл құбылыс негізінен бұрын ресейлік автомобиль зауыттарында құрастырылған еуропалық және жапондық маркалар жабдықтарын жеткізудің тоқтатылуына байланысты болып отыр. Ресейлік өндірістің Toyota, VW, Renault, Nissan және басқа да маркаларының жеткізілімі тоқтағаннан кейін Қазақстанның автонарығындағы республикалық және өңірлік ойыншылар Қытайдан импорттық автомобильдерді жеткізуді ескере отырып, брендтер портфелін қалыптастыра бастады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бір қытайлық брендтің автомобильдерінің өндірісі локализацияланған. 2015 жылы Қостанай зауытында JAC автомобильдерінің ірі тораптық өндірісі басталды. Ол уақыт өте келе CKD-өндірісіне (дәнекерлеу және бояу) айналды. Ал 2022 жылдың 15 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық мультибрендті, яғни Changan, Chery, Haval сынды түрлі маркалы автомобильдерді шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Президентке жобаның төлқұжаты таныстырылып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланған зауыттың үлгісі көрсетілді. Зауыттың өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады. Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады.

Ал осы жылдың наурызында Allur автомобиль компаниясы мен Jetour бренді Қазақстанда Jetour автомобильдер өндірісін бастау жөнінде стратегиялық келісімге қол қойды. Осылайша Қостанай қаласындағы отандық кәсіпорында аталған автомобиль өндірісі басталды. Уағдаластық аясында 2023 жылдан бастап бүкіл ел бойынша дилерлік орталықтар желісін құруына кірісетін Jetour Qazaqstan компаниясы Қазақстан Республикасында Jetour брендінің ресми дистрибьюторы болды. Ол клиенттеріне нарықтың екі сегментіне жататын төрт модельден тұратын желісі қол жетімді болады. C-SUV сегментінде Jetour X1, ал D-SUV сегментінде X70, X70 Plus және X90 Plus модельдері ұсынылады.

Айта кетерлігі, «Allur компаниялар тобы» АҚ Қостанай қаласында оңтүстік кореялық Kia корпорациясымен бірлесіп, Kia автомобильдерін шығаратын жаңа зауыттың құрылысын да бастап отыр. Бүгінде компания зауытында Кіа Sportage көлігі құрастырылып жатыр. Мұнан бөлек биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланған.

Жалпы, бүгінде Қазақстанның жеңіл автомобиль нарығында қытайлық 7 бренд ұсынылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша олардың жаңа автомобильдерді сатудағы жиынтық үлесі 9,5 пайызды құрады. Қытайлық автомобильдер 38 модельден тұратын 7 брендті құрайды. Оның ішінде седан корпусында тек бір модель, пикап корпусында үш модель болса, қалған басым бөлігі – кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер.

Осы жылдың сәуір айындағы жағдайға сәйкес, қытай брендтерінң орташа ең төменгі бағасы 14,8 млн теңгені құрады. Ал өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 14,6 млн теңгені құраған болатын. Демек, есепті кезең ішінде қытай көліктерінің бағасы 1,4 пайызға қымбаттап отыр. Ал ең қолжетімді модель 8 490 000 теңгеге, ең қымбаты 29 990 000 теңге бастапқы бағамен ұсынылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарықтарында қытайлық автоөндірушілер тарапынан бастапқы баға сегментінің модельдері бойынша ұсыныстар жоқ. Алдын ала бағалаулар бойынша Қазақстанда жаңа автомобильдердің жиынтық сатылымындағы Қытай брендтерінің үлесі модельдік қатарды кеңейту, сондай-ақ еуропалық және жапондық брендтер автомобильдерінің қысқартылған ұсынысы есебінен 2023 жылдың соңына қарай 15 пайызға жетуі мүмкін.

Қытайдың жаңа автомобильдер нарығы

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың күшеюі және АҚШ-пен сауда соғысы жағдайында Қытайдың автомобиль нарығы жыл сайын сатылатын техниканың саны бойынша әлемдік көшбасшылықты сақтап қалып отыр. 2022 жылы Қытайда 26,6 млн автомобиль сатылды. Осылайша нарық 2021 жылғы деңгейге қарағанда 3,74 пайызға арта түскен.

Өткен жылы автомобильдердің әлемдік сатылымы 81 млн бірлікті құрады. Яғни, жаһандық нарық 2021 жылғы деңгейге қарағанда 2 пайызға төмендегенін көрсетті. Қытайдың әлемдік автомобиль сатылымдағы үлесі 32,8 пайызды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,5 пайыз болатын. 2022 жылы Қытайдың автомобиль нарығындағы көшбасшы Volkswagen маркалы автомобильдер болды. Сатып алушылардың брендке деген сенімінің арқасында Volkswagen маркалы көліктер 2 332 730 дана көлемінде сатылды. Осы брендтен басқа ТОП-5 құрамына BYD (1 858 740 автомобиль), Toyota (1 841 423 автомобиль), ChangAn (1 664 061 автомобиль) және Honda (1 399 907 автомобиль) кірді.

Сонымен қатар өткен жылы Қытайда ең көп сатылған модель – Tesla Model Y. Бұл марканың 2022 жылы 455 091-і сатылған. Екінші орында BYD Song көліктері тұр – 411 026. Мұнан бөлек, үздік ТОП-5-ке Volkswagen Lavida (376 627 автомобиль), Haval H6 (288 083 автомобиль), GAC Trumpchi (259 543 автомобиль) кіреді.

Қазақстанның автомобиль нарығына шолу

Қазақстанда да жаңа көліктер өндірісі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда барлық үлгідегі 113,9 мың автоөалік шығарылды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,8 пайызға артық. Барлық өндірілген көліктердің 103,3 мыңы - жеңіл автокөліктер. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,1 пайыз өсімді көрсетеді. Биыл да саланың өсу үрдісі жалғасуда. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 19,5 мың автокөлік шығарылды. Бұл 2022 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 36,7 пайызға көп. Оның ішінде жеңіл автокөліктер 17,5 мыңды құрап, бір жылда 41,3 пайызға ұлғайды. Жалпы өткен жылы елімізде 123,8 мың жаңа автокөлік сатылды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары.

Айта кетерлігі биыл қытайлық брендтер ерекше танымал болып тұр. Мәселен, осы жылдың қаңтар-наурызда олардың сатылымдағы үлесі 17,7 пайызға жетті. 2022 жылдың қаңтар–наурызында бұл көрсеткіш 5,9 пайыз болған еді. Chery, Exeed, Haval, JAC және Changan сияқты брендтер үздік ондыққа кірді. Ал тағы үш бренд - Geely, Yutong және JAC Trucks ең жақсы сатылған 20 брендтің қатарында.


Соңғы жаңалықтар