Қазақстан нарығында шетелдік сүт тағамдарының үлесі басым
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қазақстан нарығында шетелдік сүт тағамдарының үлесі басым.
Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде отандық сүт өндірісінің дамуы тақырыбына арналған конференцияда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстан нарығында шетелдік сүт тағамдарының үлесі басым. 2008 жылғы жағдай бойынша, ел нарығындағы майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61,3 пайызы және сүт пен кілегей өнімдерінің 85,5 пайызы сырттан әкелінген», - деді А.Евниев. Қазақстанда сүт жеткілікті көлемде. Дегенмен оның өңделетін бөлігі тым мардымсыз. «Бүгінгі уақытта сүттің 31,6 пайызы ғана өңдеуден өтеді. Сондықтан отандық сүт өндірушілердің өнімдері шетелдік бәсекелестерінен аз болып отыр», - деді ол.Оның айтуынша, басты себеп ? шикізат сапасыздығы, өңдеу өндірістерін ашуға қажетті қаржының жеткіліксіздігі, дайындау жүйесінің жетілмегендігі.Мемлекет тарапынан сүт өнеркәсібін дамыту мақсатында субсидиялар бөлінуде. Бюджеттік бағдарлама бойынша несие төлем ставкаларын төмендету, лизингтік техникаларды алуға жеңілдіктер қарастырылған.