Қазақстан нарықтық экономика қағидаларын ұстана береді - Елбасы
ҚОСТАНАЙ. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХІ пленарлық отырысында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев дағдарыстан кейінгі дамудың жалғыз дұрыс жолы ретінде –экономиканы әртараптандыру қажеттігін атап көрсетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Сондықтан да, келер жылдан бастап біз екі бесжылдық жоспарға жіктелген елді индустриялық-инновациялық қарқынды дамытудың онжылдық жоспарын жүзеге асыруға кірісеміз», деді Президент.Елбасының айтуынша, жоспардың барлық бағыттары бойынша бүкіл ресурсты теңестіріп жұмылдырған жағдайда, Қазақстан экономикасы 5 миллиард доллардай мөлшерде қосымша құн ала алады. «Біз ойластырған бағдарламаның маңызды факторларының бірі, қаржы ресурстарын жұмылдырумен қатар, оны жүзеге асыруға шетелдік инвесторларды белсенді тарту болып табылады. Осы жылдары бірлесе жұмыс істей отырып, біз ең күрделі жағдайларда Қазақстанның жаңа нарықтық экономикасын тұрғыза аламыз. Бірлескен жұмысты тереңдете және кеңейте отырып, өсу мен әртараптанудың жаңа жолына шығатынымызға сенімдімін. Қазақстан нарықтық экономика, жекеменшік құқықтарын қорғау, қол қойылған келісімшарттарды өзгертпеу қағидаларын ұстанып келгенін және солай болып қала беретінін айрықша атап өткім келеді. Біздің заңдарымыз бен Конституциямыз осыған кепілдік береді. Және де олар әрқашан берік сақталатын болады», деді Елбасы өзінің сөзінде.