Қазақстан нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық тұжырымдаманы орындау жөніндегі баяндамасын сәтті қорғады

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан БҰҰ Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою комитетінде нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық тұжырымдаманы орындау жөніндегі 4-5-ші біріктірілген баяндамасын сәтті қорғап қайтты.

Қазақстан нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық тұжырымдаманы орындау жөніндегі баяндамасын сәтті қорғады

Бұл туралы бүгін аталған шараға орай өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Женева қаласында ақпанның 26-сы мен наурыздың 1-і аралығында өткен отырысқа еліміздің жауапты мемлекеттік органдарының атап айтқанда, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Бас прокуратура мен Жоғарғы соттың, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдерінен құралған делегация қатысқан.

БҰҰ комитеті сарапшыларының еліміздің этникааралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатына, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесі мен оның этникалық топтардың құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне оң баға берілгенін атап өткен Ғ.Телебай «бізге берілген ең басты баға - Қазақстанның саясаты ұлтаралық қатынастарды реттеуде, оны дұрыс жолға қоюда немесе адамдарды нәсіліне, ұлтына, шығу тегіне қарамай қорғауда өте жоғары бағаланғандығында» деді.

Сондай-ақ вице-министрдің сөзіне қарағанда, комитет мүшелері еліміздің тілге, көші-қон саясатына және нәсілдік кемсітіушіліктің алдын алудағы заң шығарушы және құқықтық тәжірибесіне қызығушылық танытып бірқатар сауалдар қойған. «Қойылған сұрақтардың барлығына делегация мүшелері тұщымды жауап берді», деді Ғ.Телебай.

БҰҰ комитеті Қазақстанның этникааралық және конфессияаралық келісімді нығайту, елде тұратын барлық азаматтардың азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларына жоғары баға берген.

Айта кетейік, бұл комитет нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның орындалуына бақылау жасау мақсатында құрылған. Оның құрамына 18 сарапшы кіреді. Ағымдағы жылы осы комитет алдында Қазақстанмен қатар Аргентина, Камбоджа, Камерун, Исландия, Жапония, Панама, Словакия сияқты мемлекеттер баяндама жасады.