Қазақстан немістің Xerion тракторы өндірісін кеңейтуге ниетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан немістің Xerion тракторы өндірісін кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Ақордада Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Оның дерегінше, бүгінде елімізде неміс капиталы салынған 21 жоба жүзеге асырылды.
«Германиямен біраз уақыттан бері өте тығыз қарым-қатынас орнаған. Қазірдің өзінде бізде, Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 21 жоба жүзеге асырылды. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1 млрд еуро. Бұл орайда біз құрылыс материалдары, ілмекті арматура өндірісі жайында айтып отырмыз. Қарағандыда Бомер компаниясы жұмыс істеп тұр. Knauf компаниясы құрғақ қоспалар саласындағы өте танымал брендтердің бірі және Қазақстан аумағында көп уақыттан бері жұмыс істейді», - деді ол.
Министр жүзеге асыру сатысында тұрған тағы 5 жобаның бар екендігін айтады.
«Олардың бірі – Knauf компаниясымен Қазақстан аумағында инсталляциялық материалдар өндірісіне қатысты жоба. Елімізде ауыл шараушалығы техникасына үлкен қажеттілік бар. Өте танымал әлемдік Claas компаниясы қазіргі уақытта Петропавлда өз техникаларын құрастырып жатыр. Біз осы өндірісті кеңейту бағытында жұмыс істейміз. Компания Қазақстанға өзінің ең озық техникасын жеткізеді. Ол – Xerion тракторы, өте танымал модель, жаңа әзірлеме. Қазіргі уақытта осы өндірісті кеңейту үшін келіссөз жүргізудеміз», - деді Қанат Шарлапаев.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцты қарсы алғанын хабарлаған едік.