Қазақстан Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бастамасын көтереді - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан саяси деңгейде Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бастамасын көтереді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бастамасын көтереді - министр
Фото: Tom Fisk/Pexels

«Болған жағдай бойынша қазіргі жұмыс аясында Каспий құбыр консорциумы тұрақты жұмысты қамтамасыз етті. КҚК мұнайды сақтау мүмкіндігімен байланысты қажетті қуат көлемімен жабдықталған. Сондай-ақ, мұнай жөнелтушілер базасында резервуарға арналған тиісті сыйымдылықтар қарастырылған. Құбырдың тұрақты жұмысы уақтылы жөндеу, инвестициялар арқылы қамтамасыз етіледі. Порттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келсек, Қазақстан мұнай терминалының жұмысынан пайда алушылар ірі мұнай тұтынушылары, оның ішінде Еуропалық одақтан келгендер екеніне сүйеніп, осы порттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша саяси деңгейде бастама көтеретіні сөзсіз», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Министр бұл құбырдың жаһандық ауқымдағы экономика үшін маңыздылығын, КҚК тұрақты жұмысына ірі мұнай өндірушілер мүдделі екендігін ескере отырып, мұндай жағдайлар ең аз мөлшерде болады деп үміттенеді.

Жақында Каспий құбыр консорциумы өз акваториясында және Новороссийск портында кемелердің қозғалысына уақытша тыйымның алынып тасталғанын хабарлады. Уақытша тыйым 4 тамызда КҚК теңіз терминалының операциялық қызметіне жақын жерде ұшқышсыз қайықтардың шабуылын тойтаруға байланысты енгізілген еді.