Қазақстан ОА елдерінің ішінде алғаш рет ИКАО алаңында арнайы қабылдау ұйымдастырды
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) алаңында халықаралық авиация қоғамдастығы өкілдеріне арнап арнайы қабылдау өткізді.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Монреаль қаласында өткен іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар және ИКАО Кеңесінің бұрынғы президенттері Олумиуйива Бенард Алиу мен Сальваторе Шаккитано қатысты.
Қабылдау ИКАО-ның Жетінші Дүниежүзілік әуе көлігі конференциясы мен Ассамблеясының 43-сессиясы аясында, сондай-ақ ұйым Кеңесіне сайлау қарсаңында ұйымдастырылды. Оған ИКАО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері мен халықаралық авиациялық қоғамдастық мүшелері қатысты.
Іс-шара шетелдік қонақтарды Қазақстанның тарихымен, төл мәдениетімен, ғасырлар бойы қалыптасқан даналығымен, ежелгі көшпелі өркениеттен бастау алатын ұлттық салт-дәстүрлері және рухани мұрасымен таныстыруға мүмкіндік берді.
Қазақстандық делегация басшысы, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев құттықтау сөзінде Қазақстанның Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға ұмтылатынын атап өтті.
-Қазақстан Орталық Азияның, Оңтүстік Кавказдың және теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің сенімді дауысына айналуға ұмтылады. Біз ортақ мүдделерді қорғап қана қоймай, нақты шешімдер ұсынуға, өз тәжірибемізбен бөлісуге және серіктестеріміздің авиациялық әлеуетін дамытуға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Талғат Ластаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанның халықаралық әуе көлігі жүйесіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, транзиттік әлеуетті арттыру, авиациялық инфрақұрылымды дамыту және маршруттық желіні кеңейту бағытындағы күш-жігерді атап өтті.
Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі авиациялық және көлік-логистикалық орталықтардың бірі ретінде өңірлік байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде еліміз көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін ынтымақтастық орнатуға мүдделі сенімді әрі перспективалы серіктес ретінде танылып отыр.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі бойынша ИКАО-ға мүше 193 елдің ішіндегі жетекші 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл нәтиже ұлттық азаматтық авиация жүйесін жетілдіру, институционалдық әлеуетті нығайту және халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың көрінісі.
200-ден астам қатысушы жиналған іс-шара Қазақстанды бай тарихи-мәдени мұрасы және азаматтық авиация саласындағы әлеуеті жоғары ел ретінде танытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кездесу республиканың халықаралық ынтымақтастық, өзара құрмет және ашық диалог қағидаттарына бейілділігін көрсетті.
Осыған дейін Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО стандартына сәйкестігі 95,7%-ға жеткені туралы жаздық.