Қазақстан ОА-ның өзге елдеріне қарағанда инвестицияны көп тартуда - Чжоу Цянву
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азияның басқа елдерімен - Қырғызстан мен Тәжікстанмен салыстырғанда 11 есе көп шетелдік инвестиция тартып жатыр.
Мұндай деректі Бішкекте өткен «Ұлы Жібек жолы бойында білім беру дәліздерінің құрылысы» ІІІ сараптамалық орталығын дамыту форумында ҚХР Халықаралық экономика және қаржы институтының бас директоры Чжоу Цянву мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Қытайлық сарапшының айтуынша, орташа жылдық көрсеткіштерге сәйкес, Қазақстан 11 млрд доллар шетелдік капиталды, ал Тәжікстан мен Қырғызстан 1 млрд долларға жуық инвестиция тартқан.
«Қазақстандағы шетелдік инвестициялар 2013 жылы 10 млрд долларды, 2015 жылы - 6,4 млрд долларды, 2016 жылы - 16 млрд долларды құраған. Елдер саясаттарын түзетуіне байланысты өнеркәсіптік инвестициялар да өсіп жатыр. Орталық Азияда инвестиция тарту болашағы уақыт өте келе жақсарады», - деп атап өтті Чжоу Цянву.
Капиталдың ағыны соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің инвестициялық ортадағы реформаларды жүргізіп, әкімшілік процедураларды қарастыруына, мемлекеттік қызметтер көрсетуді жақсартуына, салықтық ынталандыру және мемлекеттік қолдауға байланысты.
Алайда, мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, өңірдегі қаржы нарығы әлсіз дамыған және инвестицияға тәуелді. Күрделі қаржы нарықтары құрылмаған және ашықтық деңгейі төмен, кепілдемелік институттар жоқ, инвестиция тарту үшін шығындар жоғары. Сонымен қатар, кейінгі жылдары ұлттық валюта бірнеше рет девальвацияға ұшырады, бұл инвесторлар үшін үлкен қауіпті, деп атап өтті Чжоу Цянву.