Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылық өндірушілері елордалық нарықтан сауда орындарын алады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері Астанада өз өнімдерін делдалдарсыз сататын болды. Бүгін «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен «Astana» ӘКК» ҰК арасында ынтымақтастық жіне өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстанның барлық облыстарынан ауыл шаруашылық өнімдерін нарыққа еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылық өндірушілері елордалық нарықтан сауда орындарын алады (ФОТО)

«ҚазАгро»-мен бірлесіп меморандумға қол қойдық, олар Қазақстандағы барлық өндірушілердің нарықта алар орнын, саудаға шығуын хабарлап отырады. Біз отандық өндірушілерді нарыққа шығаруға тырысып жүрміз, осылайша нарықтық бағаның төмендеуіне әсер етемі, - деді «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Арман Рамазанов.

Тараптар отандық өндірушілердің өнімдерінің елордалық нарыққа тура жеткізілуін қадағалайды, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласында жүзеге асырылатын жобаға инвестиция тартуға күш салады.

Меморандум аясында «Astana» ӘКК» ҰК «Шапағат» коммуналдық нарығында орындарды ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге жалға беретін болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Астанада азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілерінің қатысуымен әр апта сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Келесі аптада, 12-13 қыркүйекте Жамбыл облысының тауар өндірушілері «Мега» СОО алдындағы алаңда, ал Оңтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері Тұран даңғылындағы «Астаналық» саябақта жәрмеңке өткізеді.