Алғаш рет Қазақстан өкілі БҰҰ әйелдерді кемсітуге қарсы комитетіне мүше болып сайланды

сім
Фото: СІМ

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM - Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесінде 2025-2028 жылдар кезеңіне Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою комитеті (CEDAW) мүшелерін сайлау өтті. 

Алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мадина Жарбусынова CEDAW құрамына сайланды.

Бұл маңызды тарихи оқиға, өйткені бұған дейін БҰҰ-ның осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің ешқайсысы ұсынылмаған.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан – гендерлік теңдік саласындағы прогресс бойынша көшбасшы.

Қазақстан 146 ел арасындағы гендерлік теңдікті бағалау үшін әзірленген 2023 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 62-ші орынға ие болып, позициясын жақсартты және 18 орынға көтерілді.

БҰҰ
Фото: СІМ

Қазақстанмен қатар CEDAW-да 11 орынға 20 мемлекеттің өкілдері үміткер болды – Оман, Швейцария, Ливан, Нидерланд, Гватемала, Андорра, Аустралия, Непал, Грузия, Чили, Барбадос, ҚХР, Зимбабве, Бурунди, Камерун, Мозамбик, Солтүстік Македония, Уругвай, Ұлыбритания және Того.

Айта кетейік, әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті (CEDAW) – әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауын бақылайтын тәуелсіз сарапшылардың органы.

Комитет құрамына әлемнің түрлі елдерінен келген әйелдер құқықтары жөніндегі 23 сарапшы кіреді. Шартқа қатысушы елдер төрт жылда бір рет комитетке тиісті құқықтардың жүзеге асырылуы туралы баяндамалар ұсынуға міндетті.

Комитет өз сессиялары кезінде әрбір қатысушы мемлекеттің баяндамаларын қарайды және оларға өз ойлары мен ұсынымдарын қорытынды ескертулер түрінде баяндайды.

Қазақстан осы халықаралық құжатқа 1998 жылы қосылған. 

Соңғы жаңалықтар
telegram