Қазақстан өңірлері цифрлық телерадио хабарларын таратуға қашан қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде қазақстандықтарды цифрлық телерадио хабарларды таратумен қамтамасыз ету барысы қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу жобасы сонау 2010 жылы цифрлық спутниктік таратуды енгізумен басталған еді. Егер 2010 жылы «Отау ТВ» брендінде не бәрі 6300 абонент болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,4 млн абонентке жетіп отыр. Келесі кезең халықты барынша жоғары сапалы бейнелермен және дыбыспен қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу саналады. Қазақстандықтар облыс орталықтары деңгейінде 30 телеарнаға дейін, өңірлік деңгейде 15 арнаға дейін көруіне мүмкіндік бар», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бекзат Рахимов ақпарат, АКТ және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларын дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері алдында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласын цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшірудің бірінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстарын аяқтады.

«2019 жылдың 1 шілдесіне дейін Алматы, Павлодар, Қостанай облыстары, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау, Қызылорда облыстары цифрлық  телерадио хабарларын таратуға көшетіндігі жоспарланып отыр. Соңғы кезеңде, 2021 жылы Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Астана және Алматы қалалары көшеді. Барлық әкімдіктерге тиісті ақпараттар берілген. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді департамент директоры.

Оның айтуынша, 22 қазанда Маңғыстау облысы цифрлық хабарлар таратуға көшті. Бұл өңірде инфрақұрылымдар толықтай дайындалып, 21 радиотелевизиялық станса салынды. Онымен 600 мың адам тұратын 48 елді мекен қамтылды. Сонымен қатар, 26 қараша Жамбыл облысы, 27 қарашада Түркістан облысты цифрлық хабарлар таратуға өтті.

Соңғы жаңалықтар