Қазақстан өңірлерінде «Болашақ» түлектерінің саябақтары пайда болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінде «Болашақ» түлектерінің саябақтары пайда болуы мүмкін. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешев осындай бастама көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрбір өңірде «Болашақ» түлектерінің саябағын жасауды ұсынамын. Атап айтқанда, біз халық пен мемлекеттің есебінен әлемнің үздік оқу орындарында білім алдық. Осы ретте мемлекетіміздің мүддесі үшін қажырлы еңбек етуге дайынбыз. Қазіргі уақытта әрбір өңірде саябақ ашу жобасын бастау ұсынысы бар. Егер де әкімдіктер жер телімін берсе, онда біз өз есебімізден саябақты толықтай көріктендіріп шығар едік. Бұл бағыттағы қадамдар елімізге, халқымызға, мемлекетімізге алғысымызды жеткізудің бастамасы ретінде бағаланар еді»,-деді Мелдешев.
Осы орайда ол өз сөзінде «Болашақ» түлектері жастарға мен балаларға үлгі боларлық әрекеттер жасауы тиіс екендігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Ж. Мелдешев бағдарлама стипендианттары санын арттыру үшін студенттерді шетелге үкіметаралық келісімдер аясында бағыттау жоспарланып отырғандығын жеткізді. Бүгінде көптеген мемлекеттер өздерінің университеттерінде қазақстандық жастарға орындар ұсынуға әзір көрінеді.