17:19, 02 Маусым 2014 | GMT +5
Қазақстан өңірлерінің санитарлық-эпидемиологиялық төлқұжаты әзірленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінің санитарлық-эпидемиологиялық төлқұжаты әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов мәлім етті.
«Біз өңірлердің санитарлық-эпидемиологиялық төлқұжатын әзірлеп, енгізуді ұсынамыз. Сонымен қатар қолда бар мәліметтердің сараптамалары негізінде нақты қадағалау үшін орта және ұзақ мерзімді эпидемиологиялық сын-қатерлердің геоақпараттық болжам қартасын әзірлену қажет», - деді ол.
Агенттік басшысының атап өтуінше, салынып жатқан орталық референс-зертхананың ғылыми-зерттеу және диагностикалық әлеуетін кеңейту, халықаралық GMP (Good Manufacturing Practice) стандартына сай диагностикалық және иммунобиологиялық препаттар өндірісі бойынша кешен құру жоспарлануда.
«Сонымен бірге биоқауіпсіздік саласындағы ғылыми-өндірістік әлеуетті кеңейту болжануда», - деді Б.Қуандықов.