Қазақстан өнімдері Үрімшіде өткен халықаралық көрмеде таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімші қаласында «Қытай — Еуразия» IX халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы Үкімет мәлім етті. 

Қазақстан өнімдері Үрімшіде өткен халықаралық көрмеде таныстырылды
Фото: Үкімет

«Қытай — Еуразия» көрмесі дәстүрлі түрде Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын Батыс Қытай орталығының ең ірі көлік-логистикалық және сауда хабы ретінде Шыңжаң — Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) мәртебесін нығайтатын, «Белдеу және жол» бастамасының негізгі халықаралық алаңының бірі.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған қытай тарапына алғысын білдірді. Ол көрменің сауда-экономикалық ынтымақтастық пен іскерлік байланысты нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды іске қосуда беделді алаңға айналғанын атап өтті. Вице-премьер екі мемлекеттің көшбасшылары — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық өзара іс-қимылы мен жеке сенімі арқасында қазақстан-қытай қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне жеткенін атап өтті. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болса, ШҰАА-мен шекара маңындағы ынтымақтастық екіжақты сауданың негізгі драйверінің бірі.

Қазақстан өнімдері Үрімшіде өткен халықаралық көрмеде таныстырылды
Фото: Үкімет

— Қазақстан үшін ШҰАА — бұл жақын көрші ғана емес, сонымен қатар Қытайдың миллиондаған долларлық нарығына шығатын негізгі көлік-логистикалық торап. Шыңжаң арқылы негізгі көлік артериялары өтеді. Біз сапалы және экологиялық таза қазақстандық өнімдердің: ауыл шаруашылығы, тамақ, металлургия және химия өнімдерінің экспортын арттыруға дайынбыз, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің айтуынша, Үрімші қаласындағы ЭКСПО алаңы биылғы жылы өнеркәсіптік кооперацияға, өзара инвестициялар мен өндірістік тізбектерді дамытуға қосымша серпін беретін жаңа бірлескен жобалар үшін бастапқы нүкте болады. Ашылу салтанатында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсян халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, мәдени алмасуларды дамытудың және технологиялық инновацияларды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай ғылым, білім және жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, жаһандық сын-қатерді бірлесіп шешуге және орнықты дамуға жәрдемдесуге ниетті.

Қазақстан өнімдері Үрімшіде өткен халықаралық көрмеде таныстырылды
Фото: Үкімет

Сапар шеңберінде Қазақстан вице-премьері жалпы ауданы 140 мың шаршы метрді құрайтын ауқымды экспозициямен танысты. Барлығы алты мамандандырылған аймақ құрылған: инвестициялық ынтымақтастық, жаңа сападағы өндірістік күштер, өзіне тән артықшылықтары бар салалар, «Жасыл» даму, мәдениет пен туризм интеграциясы, сондай-ақ Жібек жолы шеңберіндегі ынтымақтастық. Осы көрменің ауқымы мен қатысу деңгейі жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізді — оған 49 ел мен өңірдің, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Сауда, инвестиция, тұтыну және инновацияны дамытуға бағытталған іскерлік бағдарлама шеңберінде 80-нен астам іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында — «Қытайға экспорт» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның мамандандырылған сессиясы бар.

Қазақстан өнімдері Үрімшіде өткен халықаралық көрмеде таныстырылды
Фото: Үкімет

Орталық орынды «Қазақстан» ұлттық павильоны иеленді. Онда 30-дан астам отандық компания өз өнімін ұсынды. Көрменің жұмысы 29 маусымға дейін жалғасады. Қазақстандық экспозиция отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін айқын көрсетеді. Мұнда агроөнеркәсіптік кешен, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, алкогольсіз сусындар, парфюмерлік-косметикалық тауарлар және жоғары өңделген өнімдер ұсынылған. Инновациялық сүт өнімдері, соның ішінде түйе ұнтағы сүті, сондай-ақ халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін ет және балық өнімдері келушілердің назарын аударуда.

«Қытай — Еуразия» халықаралық көрмесі (China–Eurasia Expo) 2011 жылдан бастап Үрімші қаласында өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар — ҚХР Сауда министрлігі, ҚХР СІМ, Қытайдың халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті және ШҰАА халық үкіметі. Қазақстан дәстүрлі түрде көрменің басты шетелдік қатысушысының бірі. Еске салсақ, 2024 жылы өткен VIII «Қытай — Еуразия» көрмесінде Қазақстан шет мемлекеттер арасында көлемі 260 шаршы метр болатын ең ірі экспозицияны орналастыра отырып, құрметті қонақ мәртебесіне ие болған еді.

Айта кетейік, Қытайдағы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өнеркәсіп пен цифрландыру саласында жетекші орындарға ие қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.