Қазақстан өңірлерінде жылқы еті қанша тұрады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Қазақта қара күзден бастап соғым сою дәстүрі қалыптасқан. Көпшілік көктемге дейінгі азығын жылқы, сиыр, қой етінен қамдап алады. Биыл соғым дайындауға қанша қаражат жұмсалады. Kazinform шолу ұсынады.

Қызылорда облысында соғымды қаншаға сатып алуға болады
Фото: qazaly.kz

Жасыратыны жоқ қазір соғымды сатушылардан бүтіндей емес жілік-жілікке бөліп алушылар көп. Кейде бүтін жылқы етін алуға қалтасы көтермейтіндер өзгелермен бірігіп сойып жатады. Жылқы етінің бағасы малдың жасына, бордақыланғанына, семіздігі мен арықтығына байланысты әртүрлі келеді.

Еліміз бойынша еттің ең арзаны Түркістанда. Мұнда жылқы етінің бағасы келісіне 1900 - 2200 теңге аралығында.

Қызылордада бір келі ет 2100-2200 теңгемен саудалануда. Егер бөлшектеп алса құнанның бір саны шамамен 100-120 мың теңгеге айналады. Қарағандыда жылқы етінің келісі 2100-2500 теңгеден сатылуда.

ет бағасы
Фото: Инфографика/Kazinform

Тараз, Шымкент, Семей, Орал және Өскеменде 1,5-2 жасар құнан етінің келісі 2200 теңгеден. Жіліктеп сатып алса бір саны 120-150 мың теңгеге дейін барады.

Павлодарда құнажын мен құнанның 1 келі етін 2300-2500 теңгеге алуға болады. Атырау, Ақтөбе және Жезқазғанда да шамамен осы мөлшердегі соммаға ет алуға болады.

Алматы қаласында жылқы етінің келісі 2300-2600 теңге аралығында болса, Астанада 2350 теңгеден бастап 2700 теңге аралығында сатылуда.

Қонаев пен Ақтауда жылқы етінің бағасы 2400 теңгеден басталады (Ақтаудағы кейбір фермерлер 2400-2800 теңгеден сатуда). Көкшетау мен Қостанайда жылқы етінің келісі 2500-2600 теңге тұрады (егер бөлшектеп алса құнанның бір саны 120-160 мың теңге аралығында болады).

Өзге өңірлермен салыстырғанда Талдықорғанда жылқы еті қымбатырақ. Келісі 2600-2800 теңгеден басталса, Петропавлда-2700 теңгеден сатылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар