Қазақстан Оңтүстік Кореяны коронавирус бойынша жайсыз елдердің бірінші дәрежесіне енгізді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы қаулы шығарды деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Аталмыш қаулыға сәйкес, Қазақстан Оңтүстік Кореяны коронавирусқа байланысты 1 «А» санатындағы елдердің қатарына енгізді. Бұрын осындай едердің қатарында ҚХР мен Иран бар болатын.
«Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы» Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Бекшиннің қаулысының мәтіні:
Қазақстан Республикасында
коронавирустық инфекцияның
профилактикасы шараларын одан
әрі күшейту туралы
1. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:
1) ресми және үкіметтік делегацияларды, сондай-ақ қызметтік және дипломатиялық төлқұжаттардың иелерін, авиакомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж, локомотив бригадаларының мүшелерін, теміржол көлігінде тасымалдау қызметімен айналысатын адамдарды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерді қоспағанда, осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 1а) санаттағы елдерге соңғы барған сәтінен бастап 14 күннен кем уақыт өткен, осы елдерден келген адамдарды жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулай отырып, 14 күн бойы карантинді;
2) ресми және үкіметтік делегацияларды, сондай-ақ қызметтік және дипломатиялық төлқұжаттардың иелерін, авиакомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж, локомотив бригадаларының мүшелерін, теміржол көлігінде тасымалдау қызметімен айналысатын адамдарды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерді қоспағанда, осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 1б) санаттағы елдерден келген адамдарды Қазақстан Республикасының шекарасынан өткен күннен бастап 14 күн бойы тұрғылықты (келген) жері бойынша үйде оқшаулауды (халық көп жиналатын орындарға баруды болдырмай, осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес талаптарды сақтай отырып, үйдегі карантинді). Үйде оқшаулау қағидаларының сақталуын бақылау және консультация беру қоңырау шалу арқылы жүргізіледі. Үйде оқшаулау үшін жағдайлар болмаған кезде емдеуге жатқызу ұсынылады;
3) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 2-санаттағы елдерден келген адамдарды ҚР шекарасынан өткен күннен бастап 14 күн бойы қоңырау шалуы арқылы тұрғылықты жері бойынша МСАК-тың медицина қызметкерінің бақылауын.
Ресми және үкіметтік делегациялардың мүшелері, қызметтік және дипломатиялық төлқұжаттардың иелері, авиакомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж, локомотив бригадаларының мүшелері, теміржол көлігінде тасымалдау қызметімен айналысатын адамдар және 1а) және 1б) санатындағы елдерден жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер 2-санаттағы сияқты қоңырау шалу арқылы тұрғылықты (келген) жері бойынша медициналық бақылауға жатады;
4) КВИ бойынша қолайсыз елдерден келген адамдарды оқшаулау үшін үй-жайларды, сондай-ақ КВИ-ға күдікті пациенттерді емдеуге жатқызу үшін қажетті төсек орны бар стационарларды ұйымдастыруды;
5) халықты коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыруды қамтамасыз етсін.
2. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Көліктегі департаментінің, аумақтық департаменттерінің басшылары:
1) ҚХР-мен шекарадағы шекара және кеден бекеттерінің басшыларымен бірлесіп Достық және Алтынкөл уақытша сақтау қоймаларындағы, сондай-ақ ҚХР-мен шекарадағы автомобиль өткізу жолдарындағы теміржол жүк құрамдарының орын ауыстыруына, оларды түсіруге және қалыптастыруға тартылған адамдардың орын ауыстыру, тұру, медициналық бақылау схемаларын әзірлеуді және барлық мүдделі ұйымдармен келісуді;
2) ҚР азаматтары, шетелдік азаматтардың жалпы саны бойынша бөліп көрсете отырып, ҚХР-дан, сондай-ақ коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз өзге де елдерден келген шетел азаматтарын бөлек есепке ала отырып, ҚР шекарасынан өтетін адамдар туралы күн сайынғы мониторингті және өткен тәуліктегі ақпаратты келесі күнгі сағат 02-00-ге дейін ұсынуды;
3) осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес КВИ-мен (СОVІD-19) сырқаттану жағдайын анықтауды жүргізуді қамтамасыз етсін.
3. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы:
1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 3-санаттағы елдердегі КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайдың мониторингін жүзеге асырсын;
2) күн сайын сағат 19-00-ге дейін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттеріне, денсаулық сақтау басқармаларына санаттар бөлігінде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдердің тізбесін ұсынсын.
4. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық, көліктегі департаменттерінің, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 3 ақпанда бекіткен «Жаңа короновирустық инфекцияға күдікті науқастар анықталған кезде жүргізілетін санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар алгоритміне» сәйкес санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды өткізуді;
2) халықты коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыруды;
3) азаматтар көп болатын объектілерде дезинфекциялау режимін сақтауды, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мектептерге және орта арнаулы оқу орындарына балаларды қабылдау кезінде міндетті таңертеңгілік сүзгіні жүргізуді бақылауды қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуы туралы ақпарат осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жедел орталығына күн сайын сағат 06-00-ге және 16-00-ге ұсынылсын.
6. «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 ақпандағы №9-ПГВр қаулысының күші жойылды деп саналсын.
7. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
8. Осы қаулы 2020 жылғы 5 наурыздан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік
санитариялық дәрігері Ж. Бекшин
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік
санитариялық дәрігерінің
2020 жылғы ___________
___ қаулысына 1-қосымша
COVID-19 коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдер
| 1 а) санат | ҚХР Иран Оңтүстік Корея |
| 1 б) санат | ҚХР Гонконг АӘА ҚХР Макао АӘА Тайвань (ҚХР) Жапония Италия |
| 2-санат | Франция Германия Тайланд Әзірбайжан |
| 3-санат | БАӘ Испания Малайзия Ирак Швейцария Ұлыбритания Бахрейн Кувейт Сингапур АҚШ |
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы ____
___ қаулысына 2-қосымша
COVID-19 эпидемиялық тәуекелі жоғары адамдарды үйде оқшаулау
(үй карантині) қағидалары
Негізгі ұғымдар
Үй карантині 1б санатындағы елден шыққан күннен бастап немесе COVID-19 ықтимал немесе расталған жағдайымен соңғы жақын байланыста болған сәттен бастап 14 күнге созылады.
Үй карантинінің мақсаты – аурудың әлеуетті көзінен COVID-19-ды ықтимал жұқтырудың алдын алу және осылайша Қазақстанның аумағында коронавирустың таралуын болдырмау.
Үй карантинін ұйымдастыру үшін тұру жағдайларына қойылатын талаптар:
Үй карантині мынадай талаптар/жағдайлар сақталған кезде болуы мүмкін:
1. Адам басқа отбасы мүшелерімен кеңістікті тікелей бөлмейтін жеке бөлме бар.
2. Пациент және отбасының / үй шаруашылығының басқа мүшелері тиісті ұсынылған жеке қорғаныш құралдарына (кем дегенде қолғаптар мен бет маскасына) қол жеткізе алады және үйде күтім жасау немесе оқшаулаудың бір бөлігі ретінде ұсынылатын сақтық шараларын (мысалы, респираторлық гигиена және жөтел әдебі, қол алысу) сақтауға қабілетті.
3. Үй шаруашылығында COVID-19 инфекциясынан кейін асқыну қаупі жоғары (65 жастан асқан адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, иммунитеті әлсіреген немесе жүректің, өкпенің немесе бүйректің созылмалы аурулары бар адамдар) адамдар жоқ.
Көрсетілген талаптарды сақтау мүмкін болмаған жағдайда карантин медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.
Үй карантиніндегі адамға арналған нұсқаулықтар
1. Үйден шықпау.
2. Есігі жабық жеке, жақсы желдетілетін бөлмеде болу. Тек қажетті рәсімдер үшін және қысқа уақытқа ғана бөлмеден шығуға рұқсат етіледі; бұл ретте ауыз бен мұрын маскамен жабылуы тиіс.
3. Вирустың таралуын болдырмау үшін түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір рет қолданылатын қол орамалымен немесе шынтақты бүгіп жабу. Осыдан кейін қолды сумен және сабынмен жуу немесе спирт негізіндегі антисептикалық затпен дезинфекциялау.
4. Қолды сумен және сабынмен жуу немесе тамақ дайындағанға дейін және одан кейін, тамақ алдында және дәретхананы пайдаланғанға дейін және одан кейін спирт негізіндегі антисептикалық затпен дезинфекциялау. Егер қолда көзге көрінетін кір болса, антисептикалық затпен өңдеуге қарағанда қолды сумен және сабынмен жуған дұрыс. Қолды сүрту үшін бір рет қолданылатын сулықтарды пайдаланған дұрыс.
5. Мүмкіндігінше жеке дәретхананы пайдалану.
6. Температура немесе респираторлық симптомдар пайда болған кезде және кез келген медициналық проблема болған кезде карантин туралы хабарлай отырып және жүгіну себебін көрсете отырып, КВИ бойынша колл-орталыққа немесе жедел жәрдемге қоңырау шалу.
Үй карантині қамтамасыз етілетін үй шаруашылығы мүшелеріне арналған нұсқаулықтар
1. Карантин бөлмесіне кіретін үй шаруашылығы мүшелерінің санын қысқарту ұсынылады, артықшылық созылмалы аурулардан зардап шекпейтін бір дені сау адамға берілуі тиіс.
2. Үйге келушілер келмеуі тиіс.
3. Үй шаруашылығының барлық мүшелері қолдарын жиі жууы тиіс.
4. Асүй және дәретхана сияқты жалпы пайдаланылатын орындардың жақсы желдетілетіндігіне көз жеткізіңіз.
5. Карантин бөлмесіне кіру кезінде ауыз бен мұрынды тығыз жабатын медициналық маска кию қажет. Егер маска бөлінділерден ылғалданған немесе ластанған болса, оны дереу жаңа таза құрғақ маскамен ауыстыру қажет. Масканы тиісті техниканы пайдалана отырып, яғни оның алдыңғы бөлігін ұстамай шешу. Пайдаланғаннан кейін масканы дереу шешіп, қолды жуу керек.
6. Карантиндегі адаммен және ластанған беттерді, киімді және төсек-орын жабдығын қоса алғанда, карантин бөлмесімен кез келген қарым-қатынаста болғанда бір рет қолданылатын қолғаптарды пайдалану.
7. Күн сайын карантиндегі адамның бөлмесіндегі беттерді тазарту және дезинфекциялау.
8. Карантиндегі адамның барлық кір киім-кешегін жуғанға дейін өзінің бөлмесінде осы үшін бөлінген пакетте ұстау қажет. Жууды әдеттегі жуу құралымен жүргізу қажет.
9. Карантиндегі адамның тіс щеткасы, темекісі, ыдыс-аяқ, сүлгі, төсек-орын жабдығы және т.б. сияқты вирус берілуі мүмкін заттарын бірге пайдаланудан бас тарту керек. Ыдыс-аяқты сабынды сумен немесе ыдыс-аяқ жууға арналған құралмен жууға болады.
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы ____
___ қаулысына 3-қосымша
| 1а) САНАТЫ | |||||||
| Барлығы, оның ішінде: | ҚР азаматтары | ҚХР азаматтары | Иран азаматтары | ||||
| ЖАО айқындаған үй-жайларда оқшаулай отырып, карантинге орналастырылды | алынды | ЖАО айқындаған үй-жайларда оқшаулай отырып, карантинге орналастырылды | алынды | ЖАО айқындаған үй-жайларда оқшаулай отырып, карантинге орналастырылды | алынды | ЖАО айқындаған үй-жайларда оқшаулай отырып, карантинге орналастырылды | алынды |
Кестенің жалғасы
| 1б) САНАТЫ | |||||
| Барлығы, оның ішінде: | ҚР азаматтары | Шетел азаматтары | |||
| Үйде оқшауланған | алынды | Үйде оқшауланған | алынды | Үйде оқшауланған | алынды |
Кестенің жалғасы
| 2) САНАТЫ | |||||
| Барлығы, оның ішінде: | ҚР азаматтары | Шетел азаматтары | |||
| Медициналық бақылауда (қоңырау шалу) | алынды | Медициналық бақылауда (қоңырау шалу) | алынды | Медициналық бақылауда (қоңырау шалу) | алынды |
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы ____
___ қаулысына 4-қосымша
COVID-19 ауруы жағдайын анықтау (2020 жылғы 27 ақпанда жаңартылған ДСҰ-ның анықтамасы негізінде)
2019-nCoV тудырған инфекцияға күдікті жағдай:
A. Кез келген жіті респираторлық ауруы бар пациент, сондай-ақ эпидемиологиялық анамнезінде симптомдар басталғанға дейін 14 күн ішінде СОVID-19 расталған немесе ықтимал жағдайымен жақын байланыстың* болуы.
В. Дене температурасы жоғары және респираторлық аурудың кем дегенде бір белгісі/симптомы, мысалы, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу белгісі бар этиологиясы белгісіз кез келген жіті респираторлық инфекциясы бар пациент, сондай-ақ симптомдар басталғанға дейін 14 күн ішінде анамнезінде COVID-19 эпидемиясы бар елге/аумаққа** саяхат немесе онда тұру тарихының болуы.
С. Дене температурасы жоғары және респираторлық аурудың кем дегенде бір белгісі/симптомы, мысалы, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу белгісі бар және АРҚТБ-ге жатқызуды талап ететін этиологиясы белгісіз кез келген ауыр жіті респираторлық инфекциясы бар пациент.
Ескертпе:
* - жақын байланысты анықтау
** - 1а және 1б санатына енгізілген елдер/аумақтар (ҚР Бас санитариялық дәрігерінің қаулыларына сәйкес).
Ықтимал жағдай
Мыналар кезінде:
а) COVID-19-ға тестілеу нәтижесі белгісіз;
б) пневмониядан/ЖРДС-нан қайтыс болған, тұмауға және басқа да респираторлық инфекцияларға зертханалық тестілеудің нәтижелері теріс болған күдікті жағдай
Расталған жағдай
Клиникалық белгілері мен симптомдарына қарамастан, COVID-19 инфекциясына зертханалық растауы бар адам
*Жақын байланыс
Ықтимал немесе расталған жағдайдың жақын байланысы:
- COVID-19 жағдайы сияқты сол үй шаруашылығында тұратын адам;
- COVID-19 жағдайымен тікелей дене байланысы (мысалы, қол алысу) болған адам;
- COVID-19 жағдайының инфекциялық бөлінділерімен (мысалы, жөтелгенде, пайдаланылған қағаз сулықтарды жалаңаш қолмен ұстау) қорғалмаған тікелей байланысы бар адам;
- 2 метрден жақын және 15 минуттан артық COVID-19 жағдайымен тікелей байланысы бар адам;
- COVID-19 жағдайымен бірге 15 минут бойы немесе одан көп және 2 метрден кем қашықтықта жабық үй-жайда (мысалы, сыныпта, кеңестерге арналған бөлмеде, ауруханадағы күту бөлмесінде және т.б.) болған адам;
- COVID-19 жағдайына тікелей күтім көрсететін медицина қызметкері немесе басқа адам немесе COVID-19 жағдайының биоүлгілерімен ұсынылған ЖҚҚ-сыз немесе ЖҚҚ қолдануды ықтимал бұзып жұмыс істеген зертханалық мамандар;
- COVID-19 жағдайынан екі орындық қашықтықта отырған ұшақтағы байланыс (кез келген бағыттағы), сондай-ақ COVID-19 жағдайы ұшқан ұшақ секциясына қызмет көрсеткен экипаж мүшелері (кейбір жағдайларда, мысалы, ауыр симптомдар болған немесе ұшақ ішінде COVID-19 жағдайы орын ауыстырған жағдайда әуе кемесінің бортындағы барлық жолаушылар жақын байланыс деп саналуы мүмкін).
Эпидемиологиялық байланыстың болуы ауру COVID-19 ықтимал немесе расталған жағдайы басталғанға (симптомдар пайда болғанға) дейін 14 күн ішінде қаралады.