Қазақстан Оңтүстік- Шығыс Азия мен Еуропа арасында транзиттік хаб бола алады
ХОШИМИН (САЙГОН). ҚазАқпарат - Вьетнамдағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Бекетжан Жұмаханов пен «Ляньюньган қаласы қытай-қазақстандық халықаралық логистикикалық компаниясының» бас директоры Лю Бин «Saigon Newport Corporation» мемлекеттік вьетнамдық компанияның және Вьетнам портында оның ірі «Cat Lai» терминалының басшылығымен кездесті, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Бүгін бізде келіссөз үстелінде «Қазақстан - Ляньюньган (ҚХР) порты - Вьетнам» дәлізі бойынша және одан әрі Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдеріне жүк тасымалдау перспективаларын талқылау үшін Қазақстан, Вьетнам, Қытай өкілдері жиналған Вьетнамдағы алғашқы жүздесу», - деді кездесуде Жұмаханов.
Дипломат Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда аймағы туралы қол қойылған келісім аясында Вьетнам, Қазақстан және ЕАЭО басқа елдері арасындағы жүк ағынын арттыру ықтималдығы, сондай-ақ «Қазақстан - Ляньюньган (ҚХР) порты - Хошимин (СРВ) порты логистикалық маршруты бойынша тауарлар жеткізу сәтті тестілеуден өткені жайлы айтты.
«Біздің солтүстігімізде - Ресей, шығысымызда - Қытай. Темір жол бойынша Қазақстаннан Ляньюньган портына баратын жол салынды, онда біз 51%-ы ҚХР-ға, 49%-ы Қазақстанға тиесілі қытай тарапымен бірлескен кәсіпорын құрдық. Қытай Ресейге және Еуропа елдеріне тауарларды жеткізу үшін қазақстандық темір жолды пайдалануға мүдделі. Қаңтардың басында ҚХР Қазақстан арқылы Лондонға өзінің алғашқы жүгін жөнелтті. Тасымалға 18 күн кетті, бұл теңіз жолына қарағанда, екі есе қысқа жол, әрі барынша арзан», - деді Жұмаханов.
Еске салсақ, 4 наурызда астана уақыты бойынша сағат 8-дерде шығысқытайлық Ляньюньган портынан Хошимин портының «Vietnam international container terminals» (VICT) компаниясы терминалына 32 контейнермен 720 тонна қазақстандық астықтың бірінші партиясы жеткізілді.



