Қазақстан ОПЕК елдері алдындағы міндеттемесін орындауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұнай экспорттаушы елдер ұйымы алдындағы міндеттемесін орындауда. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар айында біз өз міндеттемелерімізді орындағанымызды, тіпті артығымен орындағандығымызды айта аламын. Егер сіздердің естеріңізде болса, біз ОПЕК пен басқа да мұнай өндіруші елдер алдында қарашадағы деңгейден 20 мың баррельге кем өндіру міндеттемесін алған болатынбыз. Іс жүзінде оны артығымен орындап, қаңтарда 30 мың баррельден астам мұнай кем өндірдік. Ақпанда да міндеттемені орындаймыз деген үміттемін. Тіпті, өндіру көлемін сәл асырып жіберсек те, ол қаңтардағы кем өндірілгеннің есебінен орнын жабады»,- деді министр.
Сонымен қатар ол ОПЕК-ке мүше елдердің 95 пайызы өздеріне алған міндеттемені толықтай орындағандығын баса айтты.
«Соның арқасында баға 56-57 доллар деңгейінде тұр және қор да біртіндеп қысқара бастады» - деді Бозымбаев.
Айта кетейік, өткен жылы картель мүшелері өндіріс көлемін тәулігіне 1 млн 200 мың баррельге қысқартуға келіскен болатын. Ал ОПЕК елдеріне кірмейтін Қазақстан сияқты елдер мұнай өндіруді тәулігіне барлығы 558 мың баррельге қысқартуға келісті. Оның негізгі салмағын Ресей өзіне алды. Ол өндірісті тәулігіне 300 мың баррельге азайтатын болды. Әзербайжан 35 мыңға, Мексика 100 мыңға қысқартуға келісті.