Қазақстан ОПЕК келісімінен шықпайды - Бозымбаев

«Қазақстан қол қойған барлық келісімдер бойынша өзіміздің міндеттемелерді орындауға тырысамыз. Біздің міндеттерге өткен жылы қол қойылған болатын, ал биыл ОПЕК және оған мүше емес елдер Саммитінде аталған келісім ұзартылды. Осы келісімдердің арқасында бірінші тоқсанда орташа алғанда берреліне 52 доллар бағамен экспортқа мұнай сатылды. Салыстыратын болсақ, бұл келісімге дейін, яғни 2016 жылдың бірінші тоқсанында Brent мұнайының құны 32 доллар болды»,-деді Бозымбаев.
Осы орайда ол Қазақстан қандай да бір келісімнен шығуды қарастырып отырмағандығын атап өтті.
Естеріңізге салсақ, кейбір БАҚ-тар Қазақстан мұнай өндіру көлемін арттыра отырып, ОПЕК-пен арадағы келісімнен біртіндеп шығуды көздеп отырғандығын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, өткен жылдың 9 желтоқсанында ОПЕК пен оған мүше емес 11 ел арасында 1 қаңтардан бастап тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 1,8 млн баррельге дейін қысқарту туралы келісім жасалды. Ең үлкен көлемді Ресей қысқартады. Венада өткен кездесуде келісімді 2018 жылдың сәуіріне дейін созу туралы шешім қабылданды.