Қазақстан органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында төртінші орында
АСТАНА. ҚазАқпарат – Органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында тұр. Бұл туралы Мәжілісте «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасын талқылау кезінде Сенат депутаты Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасын Парламентінің депутаттары органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін әзірледі.
«Жаһандану жағдайында елімізде бәсекелестікке белсенді ауыл шаруашылығын қалыптастыру үшін осы саладағы күрделі мәселелерді шешу маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы өте зор, өйткені ол, перспективалық бағыт және де аграрлық саланың рентабельділігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі кезде органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120,6 миллиард еуроны құрады және ол белсенді өсіп келеді. Кейінгі 20 жылда оның көлемі 7 есеге өсті, яғни сала әлемдік трендке айналып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орында, Европа одағына органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-орында», - деді Ә. Бектаев.
Сонымен қатар ол 2015 жылы елімізде «Органикалық өнімдерді өндіру туралы» Заңы қабылданғанын еске салды.
«Алайда бұл заң, сала мамандары мен эксперттерінің пікірі бойынша отандық органикалық өнім өндірушілердің заңды мүдделерін толық қорғай алмай отыр және органикалық өндірісті жүргізудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келмейді. Осыған байланысты, VII шақырылымның Парламент депутаттары бастамасымен «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» (жаңа редакция), «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру және оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары әзірленді. Заң жобаларының негізгі мақсаты – органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы жетілдіру», - деді сенатор.