Қазақстан орнықты экономикаға терең әрі кезеңімен көшу жолына түсті - Садықов Бекжан
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үшіншіден, Қазақстанда алдағы 5 жылда 2 миллиардқа дейін ағаш отырғызылады. Мұндай шара ауаны тазартуға және сәйкесінше атмосфераның ластануын азайтуға көмектеседі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Садықов Бекжан Эрланұлы айтты.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысы «Өндіруші салалардағы мәселелер жөніндегі жаһандық дөңгелек үстел» отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның орнықты даму саласындағы мақсаттарды жүзеге асыруға және климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін іске асыруға бейілділігін атап өтті.
«Біздің мемлекет климаттық саясат мәселелерін айналып өте алмайды, өйткені жер қойнауын және жалпы табиғи ресурстарды иррационалды басқарудың салдары дамушы елдер тап болып отырған маңызды проблемалардың бірі болып табылады. Көбінесе экожүйелер мен биосфераның нашарлауының негізгі факторы деп аталатын өндіруші өнеркәсіптің табиғи ресурстарды пайдалануы мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің одан әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін орасан зор тәуекелдер тудырады.
Осыған байланысты Қ.К. Тоқаев мемлекеттік саясаттың баламасыз басымдығы ретінде ұлттық экономиканы декарбонизациялау және оны «көгалдандыру» бойынша нақты шараларды атап өтті. Біріншіден, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында Қазақстан Президенті «Төмен көміртекті дамуының 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын» енгізу жөніндегі жоспарларды белгіледі. Бұл тұжырымдама атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды және экономиканың барлық салаларында тиісті қайта құрулар негізінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Мемлекет басшысы энергетикалық теңгерім құрылымын көмірге тәуелділікті қысқарту жағына өзгерту үшін «Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» әзірлеу жоспарын айтты. «Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы» (IPCC) 2040 жылға қарай көмірді дүниежүзілік пайдалануды 80%-ға қысқартуды ұсынады және ұлттық жобаның міндеттері энергияның «зиянды» емес көздеріне өту үшін тиімді инфрақұрылым құруға көмектесетінін атап өткен жөн. Үшіншіден, Қазақстанда алдағы 5 жылда 2 миллиардқа дейін ағаш отырғызылады. Мұндай шара ауаны тазартуға және сәйкесінше атмосфераның ластануын азайтуға көмектеседі»,- деді ол.
Бұдан басқа, аға ғылыми қызметкер Қ.К. Тоқаев орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бүкіл әлемдік қоғамдастықтың үйлестірілген күш-жігері мәселелерін қозғап, мемлекеттік және жеке қаржы ресурстарын жұмылдыру - жасыл жаһандық экономикаға жедел және тиімді көшудің маңызды факторы екенін айтқанын атап өтті.
«Жалпы, Қазақстан CO2-ны атмосфераға азайтуға бағытталған ұзақ мерзімді жүйелік ауысуларға бастамашы болғанын және азаматтар үшін қауіпсіз әрі жарқын болашақты қамтамасыз ету үшін анағұрлым тұрақты экономикаға терең әрі кезеңімен жүйелі түрде көшуді бастағанын атап өткен жөн»,- деп түйді сөзін Садықов Бекжан.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Өндіруші салалардағы мәселелер жөніндегі жаһандық дөңгелек үстел отырысында бейне үндеу жасаған болатын. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға қол жеткізуге ниетті екенін айтқан еді.