Қазақстан - ортақ үйіміз

p; Қазанның  27-сі. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ -     Аңыз бойынша, Памир  тауларында  атауы жалғыз ғана  «И»  деген  әріптен тұратын   саны аз   тайпа  өмір сүрген екен.  Ол  тайпаның    ерекшелігі сол,   олар тек  өз тілінде  сөйлеген   және   өз салт-дәстүрлері мен  әдет-ғұрыптарын    қатаң    ұстаған.  Және  өзін өркениетті деп санайтын кез-келген  қоғамның  борышы  -  ол тайпаны  сол барлық  ерекшеліктерімен    қоса  сақтау  болып  табылады.
None
None

 2006   жылдың көктемінде  Мәскеуде   өткен  «Еуразия шеңбері»   І   Халықаралық    ақпараттық  форумда, Ұлттар үйінде     Мәскеудің  ұлттық-мәдени   орталықтары өкілдерінің алдында  сөйлеген    сөзімді мен  дәл осы  мысалдан бастап   едім. Және  ең  қызығы,  сол   жолы  болған   бір  кездесу   мен үшін  күтпеген   оқиға  болды. Мен  сөз  сөйлеп болғаннан кейін  маған    бір тәжік  әйел  келіп,       жоғарыда сөз болған  тайпаның  бүгінгі  жалғыз өкілі екенін    ашық мойындап еді.  Көзіне   жас үйірілген   әйел    бізге,  қазақстандықтарға    қызыға қарайтынын     жасырмады.   Сарабдал және    көреген   ұлттық саясаты үшін   Президент Назарбаевқа      ризашылығын  білдірді.

Барлығын  салыстыра  отырып,  ұғынамыз.    «Бір ғана тілге  басымдық беріп,  коммунизм  тұрғызу»    деген   ұранды ұстанып,   жалпы адамгершілік  нормалардан  ауытқушылықтар орын  алған      уақыт әлі  естен  кете   қойған  жоқ.   Ол дәуірдің  салдары да  баршаға аян.  Егер 1926 жылы  бұрынғы  Кеңес  Одағында  190 ұлт  пен  ұлыс    тұрса,      Одақ ыдырар кезде   олардың саны 130-дың шамасында болған.  Қазақ тілі  де   жоғалудың  аз-ақ алдында     қалды.     Нәтижесінде,  бізде   тек  орыс  тіліне  бағыт ұстаған    адамдардың  өзіндік   ділі      қалыптасты  және       атасы   немересімен  ана тілінде  сөйлесе алмайтын   жағдайға     жетті,   ал   жастардың бір бөлігі   ана тілінде  сөйлесуді,   өздерін қазақпыз деп  атауды ар санады.  Бүгінде  қазақ     тілінің  өркендеу  үдерісі     қиын жүріп  жатқаны  да кездейсоқ  емес,  сондықтан  да    оның мемлекеттік   мәртебесі толық   бекіп,    қолданыс  аясы   кеңейгенге  дейін  біраз  уақыт  керек.

Сталиндік басшылық    мақұлдаған Голощекиннің  «кіші  октябрі»    қазақтарға  қаншама    зардап  әкелді?  Қараңыздаршы.    30-шы жылдардағы күшпен  ұжымдастыру  мен    голощекиндік геноцид   1,5 миллион    қазақтың  өмірін   қиды.    1 миллион  300   мың қазақ     елді   тастап  кетуге мәжбүр болды.    1930 жылы 5 миллион  873  мың    қазақ  болса,  1933 жылы 2 миллион 493  мың        қазақ қалған,   яғни 2-3 жылда    халықтың саны екі еседен  астамға   қысқарған.

«Халықтардың  тағдырын  шешушінің»     еркі  бойынша   Қазақстан     көптеген халықтың  қоныс  аударатын орынына айналды.  Тек   жергілікті  халықтың   қайырымдылығының   арқасында ғана   олар    қоныс аударудың барлық   азабынан  аман-есен   шыға алды. Ғасырлар    бойы   теперіш  көріп келген қазақ    халқы,     туған жерінен    қоныс  аударудың,  аштық пен   қорлықтан  зардап шегудің   қалай екенін    жақсы  түсінді. Иә,  қазақтар      қиыншылықтарды бастан кешірді.   Бірақ  сол сынақтар    халықты   шынықтырды. Рас,  қазақтар     өз    салт-дәстүрі мен  тілін    жоғалта жаздады.       Бірақ,     білімге,      өнерді дамытуға  талпына  отырып,  үлкен   жетістіктерге  қол жеткізді.   Бүгінде     мемлекеттің  негізін   құрушы    ұлт ретінде   қазақтарға        айырықша тарихи міндет:   өздерінің  рухани   құндылықтарының  күшімен     республика халқының  тұтастығын  нығайту міндеті  жүктеліп  отыр.

Қазақстан      түрлі  ұлттың  өкілдеріне екінші Отан болып отыр.  90-шы жылдары Ресейге   көшіп кеткен менің    жақын  досым және бұрынғы партиялас жұмыстағы    серігім  Евгений Близнюков   өз хатында былай  деп  жазады:  «...Жаңа өмірге   бейімделу,  үйрену  осыншалықты  қиын болады  деп   ешқашан ойламаппын.    Отан - кіндік  қан тамған  жер ғана емес,   сені  асырап,  өсірген  жер  екенін    іс жүзінде түсінесің.   Өткеннің бәрін  кері қайтаруға болатын болса - мен ойланбас едім.  Біз бұл жерде  бөтенбіз.  Мен бәрін  басқаша   армандайтынмын.  Бірақ,   жоғалған нәрсе  тек  ертегіде ғана     оралады.   Ең бастысы,    бұл жерде өзіңнің ешкімге керегің жоқ екенін     түсінесің...»

Қазақстан  халқы Ассамблеясы     жетекшілерінің бірі,    Қазақстанның    Орыс, славян,  казак  ұйымдары қауымдастығы төрағасының  бірінші орынбасары    Анатолий Чесноковтың  да пікіріне тоқталып  өтейік.  Ол  «Экспресс  К»  газетіне  берген сұхбатында,  Қазақстанда  4 миллионнан  астам    славян ұлты өкілдерінің тұратынын,  олардың көпшілігі     көшуді  жоспарлап отырмағанын,  себебі     мұнда   барлық      этникалық топтарға   жақсы заңнамалық база  жасалғанын    айтып    өтті.     «Елбасының    сарабдал  саясаты»   деген  тіркес   тым асқақ естілсе де,     Елбасы сөзінде  тұрды,  оның  егемендік алған  кезде  айтқан  сөзі мен   бүгінгі ісі    алшақ  кеткен жоқ.    Республикадағы  жағдай  шын  мәнінде жайлы  және      ерікті  қоныс аударуға    көмектесудің    ресейлік  бағдарламасы  бойынша  жасалып   отырған  жағдайға арқа сүйеп,     Қазақстаннан  жаппай  көшіп жатқандар шамалы»,  дейді  ол.

Менің    ойымша,    мемлекеттің     этникалық тілдер мен мәдениеттерді  қолдау    жөніндегі      мақсатты  саясатының  заңды   нәтижесі  де  осы  шығар.  Біраз мәліметтер   келтіре кетейін.     Елімізде    88 ұлттық мектеп бар,  оларда  өзбек,  тәжік,  ұйғыр, украин тілдері     оқытылады.  108  мектепте   22 этностың    тілі    жеке  пән ретінде оқытылады.  30 этностың  тілін    үйрету  жөніндегі  195   арнайы  лингвистикалық орталықтар  ашылған.     Қазақ  және орыс театрларынан  басқа,    төрт ұлттық театр -  өзбек,   ұйғыр,  корей    және  неміс  театрлары  бар.  Олардың  үшеуі -  Достастықтағы   жалғыз театрлар.  Ақпараттық кеңістікте   35-тен  астам этникалық  газет-журналдар   жұмыс істейді.     Төрт ірі   этникалық     республикалық газет  мемлекеттің  қолдауымен  шығып  отыр.   11 тілде  - газет-журналдар, 8 тілде -    радиохабарлар, 7 тілде - телебағдарламалар     шығады.

«Қазақстан   Республикасындағы тілдер  туралы» Заң   Еуропадағы   қауіпсіздік  және ынтымақтастық ұйымының  Аз ұлттардың істері  жөніндегі  жоғарғы комиссарының  талаптарына  жауап береді.    2006 жылы    еліміздегі      тілдер  саясатына  жүргізілген зерттеудің  қорытындысы  бойынша Жоғарғы  комиссардың кеңсесінде,    Қазақстандағы тілдер  саясаты -   барша  посткеңестік  кеңістіктегі   ең жайлы саясат екені   жария етілген  болатын.   Елбасымыз     еліміз тәуелсіздік таңы атқан  кезде   берген өз  уәдесінде   тұрып келе  жатыр.    Барлық   халықтың       лайықты өмір  сүруіне,    олардың  өз салт-дәстүрлерін, мәдениеттері мен тілдерін   жандандыруына,        ұлты мен тіліне  қарамастан, барша қазақстандықтың       өздерін Қазақстан азаматтары ретінде сезінулеріне      жағдай  жасалып    отыр.

Бір сөзбен  айтқанда,  кезінде    тарихтың тауқыметін   бірдей көрген    түрлі  ұлттың адамдары  бүгінде  Қазақстанда    ортақ  тағдырлас.  Әрқайсымыз       өзіміз үшін еңбек еткенімізбен,     нәтижесінде Қазақстанның  экономикасына үлес қосып  отырмыз.  Әрқайсымыздың    жетістігіміз -  республикамыздың  гүлденуіне  қосқан   үлесіміз.   Және, керісінше,       ел  экономикасындағы дағдарыстар     әрқайсымыздың  жеке    проблемамызға айналып отыр.   Бірақ,     бізде,  Қазақстанда саяси  тұрақтылық  пен   ұлтаралық  келісім болмаса,  жағдай   бұдан  да  күрделі  болар еді.  Дәлірек  айтқанда,  мүлдем басқаша болар еді,  мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық. Жақын     шетелдерде   болған   жағдайларға  тоқталатын болсақ,  ол  оқиғалардың салдарынан қаншама  адам құрбан  болғанын    білеміз. Сондықтан да    өз  елінің  нағыз  азаматы -   елінің  тыныштығы мен      гүлденуі  жолында еңбек ететін    адам.

Қазақстан  - бай ел  екенін  айта кеткім келеді,  ал    байлықтың  төңірегінде  әрқашан   қауіп-қатер жүреді.   Сондықтан да,  тәуелсіздік  тек сөз  жүзінде емес,  іс жүзінде  болуы,   экономикамыз  әлемдік    нарықтың  құбылмалы «мінезінен»  зардап шекпеуі  үшін    қолдан  келгеннің  бәрін жасау керек.      Қазақстан   қоғамына тән        халықтың  бірлігі    дәл осы жерде көрінуі керек.

Ағымдағы жылдың  басында   қазақ тілді  бұқаралық ақпарат құралдарының  журналистеріне    берген сұхбатында     Нұрсұлтан  Әбішұлы: «Еске алайықшы,     тәуелсіздігімізді  жариялаған    кезде,    қазақтардың  саны   халықтың  42 пайызын ғана құрайтын.    Елімізді  қуатты және    күшті елге  айналдыру  үшін   ұлтына   қарамастан, барлық   азаматтар  еңбек  етті.    Мұны  ұмытуға болмайды.  Тәуелсіздік -     Қазақстан халқының   ортақ жеңісі,  ортақ қуанышы.    Тарихтың   жазуымен,    Қазақстан   көпұлтты мемлекет ретінде  қалыптасты.   Бірақ бұл кемшілк емес, керісінше,    елімізді  ұлттық оқшаулаудан    қорғайтын    маңызды  фактор.     Және   еліміздің  барлық  азаматтары   қазақстандықтардың  ортақтық идеясын ұстануға  міндетті»,  деп атап  көрсетті.

Міне  осы  тұрғыда,     Елбасының     тікелей   басшылығымен  құрылған   Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  ролі  маңызды.   Ассамблея  - этносаралық    қатынастардың  проблемаларын   шешудің  жолы мен  тетігіне  айналды,   ол     1990 жылдардың  екінші  жартысында    нарықтық     өзгерістерді      табысты      жүзеге асыруға  және   елді  біртіндеп   және  кезең-кезеңмен  демократияландыруға  кірісуге  мүмкіндік берді.

Бүгінде Ассамблея    этносаралық   саладағы мемлекеттік   саясатты    табысты жүзеге асырудың    маңызды тетігі,      Қазақстанды мекен  еткен барлық        ұлыстың   өзара қарым-қатынастары қамтылып  отырған     үлкен  алаң  болып  табылады.  2007 жылы  жүргізілген  конституциялық  реформалар      Ассамблеяның беделі мен саяси салмағын  көтеріп  отыр, себебі     толыққанды конституциялық   органға  айналған  Ассамблея ел  Парламентіне 9 депутат  сайлау  құқығына ие болды.

Егемен  Қазақстанның алғашқы қадамдары -  Семей  полигонының  жабылуы мен  ядролық  қарудан бас тартуы -    жаһандық саясаттағы іс-қимылдың  жаңа  «моральдық стандартына»  негіз  болды.     Республиканың барлық     сыртқы саяси бастамалары  -    Тәуелсіз  мемлекеттер     достастығы,  Еуразиялық экономикалық қоғамдастық,    Азиядағы өзара іс-қимыл және  сенім шаралары, Әлем діндерінің   съезі    және т.б.     бастамалар -   Қазақстанды әлемге   тек  нарықтық экономика  орнатушы ел ретінде  ғана емес,   этносаралық    негіздегі       сілкіністерден  аман  шыққан  посткеңестік кеңістіктегі       елдердің бірі ретінде    танытып отыр.

Қазіргі уақытта Ассамблеяның  қызметі    үш  басты міндетке -     қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге,  толеранттылық пен жауапкершілікке, мемлекеттік тілді   игеруге     бағытталып   отыр. Жоғарыда айтып  өткендей,  бұл бағытта       көп істер атқарылуда.   Әрине,  түйінді  мәселелер де  жоқ емес.  Бірақ өмірдің    өзі  түрлі  реңктен тұрады емес  пе? Жекелеген  шешімдер мен немесе  атқарылған  істер кейбіреулердің  көңілінен  шықпай  жатады.   Мысалы,    халықтың   кейбір бөлігі,    мемлекеттік  тілдің  проблемаларын  тек  қазақ тілді  баспасөз жазады, қалғандарының барлығы  «оның бізге қатысы жоқ»  деп  үндемей  отырады,  деп  санайды. Енді     біреулердің    пікірінше,     мамандықтар  мен кәсіптердің жекелеген   баптарына     қазақ тілін  білу   талаптарын    қою  мәселесін  қарастырған  «Қазақстан  Республикасындағы тілдер туралы» Заңның    23-ші  бабын  күшіне енгізу мәселесі   ұзын арқан, кең тұсауға салынып  отыр.  Жекелеген тұрмыстық      кикілжіңдерге саяси  астар  беріп,     Ассамблеяның  ролін   төмендетуге      талпынып  отырғандар да  жоқ емес. Әрине,     ұсақ-түйек     кикілжіңдер мен  проблемасыз болмайды.  Бірақ,        ондай  жайттар     кез-келген, ең  тату  деген  отбасының  өзінде болып   тұрады. Әрине,   тырнақтың астынан кір  іздегенде,   түймедей  нәрсені  түйедей етуге  көп ақылдың  қажеті  жоқ.   Сондықтан   да       тұлғааралық   қатынастар  саласындағы   ахуалға баға берерде   өте мұқият және аса жауапты   болуымыз  керек.   Елдің   тәуелсіздігін     көздің  қарашығындай    қорғаудың  қажеттілігін    бірде-бір сәт естен  шығармауымыз  қажет.

«Қазақстан-2030»  Стратегиясында   Елбасы,  біздің      ұрпақтарымыз   жұрттың көлеңкесінен  шығатын  елде  тұратын болады,  деген  еді.  Міне сол  күн    жақындап   келеді.   2010 жылы Еуропадағы    қауіпсіздік  және  ынтымақтастық    ұйымында атқарғалы  отырған  төрағалық міндет -    осының      бір  айғағы.   Бұл    Қазақстанның  көпұлтты    халқының  жеңісі,    қазақтардың        ұлы  жетістігі,  деп  санайды Нұрсұлтан  Әбішұлы.  Бұл -       еліміздің ішкі саясатының   орнықтылығына,  мемлекеттің ашықтығына,   оның  экономикалық қуаты мен  демократиялық дамуына  берілген жоғары баға.

Соңғы жаңалықтар