Қазақстан Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа айрықша мән бермек
Орталық Азия елдерінің халықаралық процестердегі стратегиялық рөлі артып келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жылдың қорытынды брифингінде баяндады, деп хабарлайды Kazinform.
«Биыл біздің қарым-қатынасымыз түбегейлі жаңа деңгейге көтерілді. 2023 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік және жұмыс сапарлары өтті. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай, Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойылып, Қазақстанның 3 ірі қаласында бұрын-соңды болмаған Тәжікстанның мәдениет күндері өтті», - деді Айбек Смадияров ҚР Сыртқы істер министрлігінде.
Өзбекстанмен одақтастық қатынастар да тереңдей түсуде. Наурыз айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Шымкентке жұмыс сапары өтті. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының Ташкентке ресми сапарында екі елдің Парламентаралық кеңесінің 1-ші отырысы өтті. Биыл Қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарт күшіне енді, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
«Түрікменстанмен, әсіресе сауда, көлік, энергетика, білім беру және мәдениет салаларындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара көзқарас расталды. Қырғызстанмен достық және одақтастық қатынастары мызғымас күйінде қалып отыр. Биыл Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Астана халықаралық форумына қатысты, онда Индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы І Өңіраралық ынтымақтастық форумы үкімет басшыларының қатысуымен Таразда өтті», - деді ресми өкіл.
Оң үрдістерді бекіту мақсатында ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстан мен Түрікменстанға алғашқы ресми сапарларын жасады, Тәжікстандағы Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кеңесіне қатысты.
Бірлескен күш-жігер арқасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінде бесжақты ынтымақтастық нығая түсуде, ал осындағы төрағалық Қазақстанға өткен болатын. Ақпан айында Түркістанда Орталық Азияның алғашқы парламентаралық форумы өтті.
«Орталық Азия бестігінің халықаралық процестердегі стратегиялық рөлі артып келеді. ҚХР, АҚШ, Еуроодақ, ГФР, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесімен «ОА+» форматындағы аса жоғары деңгейінде маңызды іс-шаралар, сондай-ақ РФ, АҚШ, ЕҚЫҰ, Үндістан және Оңтүстік Кореямен министрлік кездесулер өтті. Мемлекет басшылары деңгейінде «ОА-ЕО» өңіраралық әріптестігін институциялау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғаш рет Орталық Азия елдері мен Еуроодақтың барлық 27 мүше елінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті», - деді А. Смадияров.