Қазақстан Орталық Азия үшін негізгі инвестициялық тірек болып отыр – Еуразиялық даму банкі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Орталық Азиядағы барлық инвестициялар өсімінің 55%-ын қамтамасыз етті. Бұл Қазақстанның өңір үшін негізгі инвестициялық тірек екенін көрсетеді. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеулер орталығының директоры Александр Забоев мәлімдеді.

Казахстан обеспечил больше половины прироста инвестиций во всей Центральной Азии
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Орталық Азиядағы барлық инвестициялар өсімінің 55%-ын Қазақстан қамтамасыз етті. Бұл Қазақстанның өңір үшін тірек ел екенін көрсетеді, – деді Александр Забоев.

Оның айтуынша, Қазақстанның шетелдік инвестициялар ағынының негізгі нүктесі болып табылатынын және халықаралық инвесторлар үшін жинақталған жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие екенін атап өтті.

Александр Забоев Орталық Азия елдері арасындағы ішкі өңірлік сауданың да өсіп келе жатқанын айтты.

– Біз Орталық Азия елдері арасындағы ішкі өңірлік сауданың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар елдер арасындағы тікелей шетелдік инвестициялар да артып келеді, – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның басқа елдерге инвестиция салуымен қатар, кері инвестициялық ағындар да қалыптасып келеді. Бұл үдерістің біржақты еместігін көрсетеді.

– Өзбекстан біртіндеп көрші мемлекеттерге де инвестиция сала бастады. Қазірдің өзінде өзбек инвестицияларының Қазақстан экономикасына келіп жатқанын көріп отырмыз, – деді банк өкілі.

Оның пікірінше, бұл Орталық Азия елдерінің бір-біріне деген сенімі артып келе жатқанын көрсетеді.

– Бұл өңірдегі тікелей шетелдік инвестициялар нарығының, оның ішінде көлемі мен басқа да көрсеткіштері тұрғысынан қай бағытта дамып келе жатқанын түсіну үшін өте маңызды, – деп атап өтті Александр Забоев.

Айта кетейік, Президент Үкіметке экономикалық өсімді жеделдету жөнінде тапсырма берген еді.