Қазақстан-Нидерланд арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді – Ян Кейс Худ

Нидерланд Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы вице-министрі Kazinform-ға берген сұхбатында Қазақстанға алдағы сапары, ауыл шаруашылығы секторындағы екіжақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың маңызы туралы, сонымен қатар еліміздің тек қана Орталық Азияда ғана емес, одан тысқары жерде де азық-түлік қауіпсіздігіне қандай үлес қоса алатыны жайлы айтып берді. 

Нидерланд
Фото: Kazinform

– Ян мырза, жақында Қазақстанға келуді жоспарлап отырсыз. Осы сапарыңыз туралы қысқаша айтып беріңізші. 

– Иә, Қазақстанға алғаш рет бармақшымын. Осы сапарды тағатсыздана күтіп жүрмін. 2023 жылы Нидерландтың Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігі Астанада орналасқан Нидерландтың Орталық Азиядағы Елшілігінің жанынан Ауыл шаруашылығы кеңсесін ашу туралы маңызды шешім қабылдады. Бұл шешім ауыл шаруашылығы сынды басты секторда Нидерланд пен Қазақстан арасындағы серіктестіктің нығаюына септігін тигізеді. 

Биыл Алматыда өтетін Agroworld көрмесіне Нидерланд серіктес атанды. Бұл бізге өнімдеріміз бен алдыңғы қатарлы технологияларымызды көрсетуге, үкіметаралық диалогты нығайтуға тамаша мүмкіндік болмақ. 

Сапар барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановпен кездесу өткіземін. Нидерланд Елшілігімен бірге Agroworld көрмесінде бірлескен голланд павильонын ашамын. 

Атылмыш көрмеге 30-ға жуық біздің компания қатысады. Мұнан бөлек, екі елдің жеке секторы өз технологияларын ұсыну және жаңа келісім жасасу үшін Agroworld платформасында өтетін семинарлар мен шеберлік кластарында бас қосуға мүмкіндік алады. 

– Отыз жылдың ішінде Қазақстан мен Нидерланд арасындағы байланыс айтарлықтай жақсарды. Сіздің ойыңызша, екі елдің арасында, әсіресе ауыл шаруашылығы секторында ынтымақтастықтың қандай келешегі бар? 

Нидерланд елі сауда бойынша Қазақстанның 10 ірі серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстан мен Нидерланд арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастық іскерлік деңгейде де, мемлекеттік деңгейде де қарқынды даму үстінде. 

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз жылыжай технологияларына, көшеттерге, өсімдіктерді қорғау құралдарына (оның ішінде биологиялық), құс шаруашылығы технологияларына, сондай-ақ сүт фермаларына арналған технологияларға тұрақты өзара қызығушылықты көрсетті. 

Нидерландтың жылыжай технологиялары, тұрақты ауыл шаруашылығы және озық агротехнологиялар саласында құнды тәжірибе енгізіп, өзін Қазақстанға ауыл шаруашылығы мақсаттарына қол жетуге көмектесетін тиімді серіктес ретінде көрсетеді. Біз картопты өңдеудегі жағдайды өзгертуге көмек бере аламыз. Ынтымақтастығымыз Қазақстанның мақсаттарына жақсы сәйкес келіп, оны болашақта перспективалы етеді. 

– Нидерланд елінің Қазақстан экономикасы мен ауыл шаруашылығы саласына салған инвестициясы 100 млрд АҚШ долларынан асады. Ауыл шаруашылығы саласында қандай жобалардың келешегі зор әрі олар Қазақстанға қандай басымдық береді?

– Нидерланд Қазақстан экономикасының ірі инвесторы саналады. Бұл ретте аталған инвестициялардың едәуір бөлігі бұрынғысынша көмірсутек секторына бағытталып отыр. Дегенмен, Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға және қосылған құнын арттыруға ерекше назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыруды белсенді жүргізіп жатыр. Нидерландпен ынтымақтастық әртараптандырудың осындай жағдайында шешуші рөл атқарады. 

Нидерландтың бау-бақша, құс, сүт және жеміс өсірудегі заманауи технологиялары ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін, тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл технологиялар экономикалық өсуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ете отырып, әртүрлі ауыл шаруашылығы мәселелерін шешудің практикалық шешімдерін ұсынады. Біздің елдің сарапшыларының білімі ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы ортаны құруда. Мысалы, жануарлардың денсаулығын бақылауды ұйымдастыру немесе өсімдіктердің саулығын тексеруде пайдалы болуы мүмкін. 

Сонымен қатар Нидерланд компаниялары осы жобалардың ажырамас бөлігі болып саналатын фермерлерге, өндірушілерге, агрономдарға және зоотехниктерге арналған кешенді оқыту бағдарламаларын ұсынады. 

Мысалы, Ақтөбедегі ауданы 10 гектар жоғары технологиялық жылыжай кешені ауыл шаруашылығы саласындағы елеулі инвестициялық жоба саналады. Бұл жылыжайда 170 жергілікті қызметкер жұмыс істеп қана қоймай, сонымен қатар жылына 7 800 тонна көкөніс өсіріп, жергілікті нарықтың қажеттілігін қанағаттандырады әрі көрші елдерге экспортты жеңілдетеді. Алматыда голландиялық жеміс компаниясы жаңа сорттар мен өсіру әдістерін көрсету үшін бақ құрды. 

Болашақта Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторында осындай жобаларды көбірек көреміз деп үміттенеміз. Табысты кәсіпорындардың болуы елдің экономикалық дамуына және әртараптандырылуына ықпал ете отырып, шетелдік инвестициялар үшін маңыздылығын арттырады. 

– Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы барынша өзекті проблемаға айналып отыр. Қандай шешімдер мен халықаралық ынтымақтастық елге осы проблеманы әсіресе жасыл ауыл шаруашылығы тұрғысында еңсеруге көмек бере алар еді? 

Заманауи технологиялар таза судың жаһандық тапшылығы мәселесін шешудегі маңызды факторлардың бірі саналады. Мысалы, қазіргі заманғы нидерландылық жоғары технологиялық жылыжайлар дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда суды 70 пайыз үнемдеуге мүмкіндік береді. Картоп – мақта немесе бидайға қарағанда суды аз қажет ететін негізгі дақыл. 

Нидерландта суды пайдалану ЕО заңнамасымен де, ұлттық директивалармен де реттеледі. Әсіресе су алу және су сапасы сияқты мәселелерге айрықша назар аударылады. Ауыл шаруашылығындағы суды басқару жоспары нидерландылық үкіметтік ұйымдар, Waterboards және Нидерланд Ауыл шаруашылығы және бау-бақша федерациясы арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді. Бұл бастаманың мақсаты – ауыл шаруашылығы қызметінен туындаған жерасты және жерүсті суларының ластануын азайту, ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін тұщы судың қолжетімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын арттыру. 

Осылайша, су тапшылығы мен оның сапасына қатысты пробламаны шешу су ресурстарын басқару, сақтау, әртараптандыру, білім беру, халықаралық ынтымақтастық және реттеу шараларын біріктіретін көп қырлы тәсілді қажет етеді. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шешімдерді қарастыратын кешенді стратегия осы өзекті мәселені тиімді шешу үшін өте маңызды. 

– Қазақстан өңірдегі және одан тысқары жердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөлге ие болуға ұмтылады. Осы тұрғыда қандай проблемалар туындауы мүмкін?

– Нидерланд БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) және Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы сияқты халықаралық форумдарға қатысу арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуде белсенді рөл атқарады. Біздің назарымыз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін тиімді шешетін саясат пен іс-әрекеттерді насихаттауға бағытталған. 

Біздің тәжірибеміз азық-түлік қауіпсіздігінің негізі табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану және ауыл шаруашылығының тұрақты әдістерін енгізу екенін көрсетті. Сондай-ақ климаттың өзгеруінің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсерін мойындаудың маңыздылығын атап өтеміз. Сондықтан қоршаған орта жағдайларының өзгеруіне қарсы тұрақтылық пен бейімделуді арттыратын Климаттық оңтайландырылған ауыл шаруашылығы тәжірибелерін қолдаймыз. Климатқа төзімді картоп пен бау-бақша дақылдарының ең жаңа сорттарын пайдалану өте маңызды. 

Қазақстан Орталық Азия өңірінде ғана емес, кең ауқымда да азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосу үшін зор әлеуетке ие. Бау-бақша саласында Қазақстанның әртүрлі климаттық аймақтары солтүстік өңірлердегі бидайдан оңтүстіктегі түрлі жемістер мен көкөністерге дейін ауыл шаруашылығы дақылдарының кең ауқымын өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасайды. 

Бұған қоса, Қазақстанның ұланғайыр жері мен бай азық-түлік ресурстары елді өңірде және одан тыс жерлерде сүт пен ет өнімдерін өндіруде перспективалы бәсекелес етеді. 

– Қазақстан бағалы әрі сапалы дақылдар өндіруде мол әлеуетке ие. Нидерланды Қазақстанға Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағына қосылуына қалай көмек көрсете алар еді?

– Қазақстанның Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағына мүше болуы оның ауыл шаруашылығындағы инновацияларға ықпал ету, селекцияны ынталандыру және өсімдіктердің жаңа сұрыптарына зияткерлік меншік құқығын қорғау мақсатына сәйкес келеді. Қазақстан Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағына қосыла отырып, ауыл шаруашылығы секторында жергілікті және халықаралық мүдделі тараптар үшін қолайлы орта жасайды. Осылайша ынтымақтастық пен сауда қатынастарына ықпал етеді. 

Нидерланд осынау процестің бір бөлігі екенін мақтан тұтады. Ел көптеген жылдан бері Қазақстанның Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағына мүшесі болуға ұмтылысын қолдап келеді. Бұл қолдау мемлекеттік және жеке секторларға, оның ішінде қазақстандық фермерлер мен селекционерлерге пайда әкелетін Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағы қағидаттарын және оларды іске асыру бойынша техникалық оқыту семинарларын қамтиды.

Бұл ынтымақтастықтың мақсаты – Қазақстанда тұқымдық картоп пен жеміс дақылдарын бақылау мен сертификаттаудың ашық және сенімді жүйесін құру. Нидерландтың Қазақстанға білім алмасу және тәжірибе бөлісу арқылы инновациялар мен зияткерлік меншікті қорғауға ықпал етуі Халықаралық өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау одағына мүше болу жолында септігін тигізеді. Біз соңғы қадам – ресми мүшелікті тағатсыздана күтеміз. Оның маңыздылығын бағаламауға болмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет!