Қазақстан Орталық Азиядағы AI-инфрақұрылым орталығына айналуға ниетті – Бағдат Мусин
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан энергетикалық әлеуетін, телекоммуникациялық инфрақұрылымын және халықаралық цифрлық байланыстарын пайдалана отырып, жасанды интеллект саласындағы есептеу қуатын дамытуды көздейді.
Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин AI and Digital Bridge форумында айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты қолда бар ресурстар мен технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудан бастауы керек.
– Біз, ең алдымен, қолда бар мүмкіндіктерден бастауымыз керек. Бізде ресурстар бар, көміріміз бар, оны энергияға айналдырып, есептеу қуатын қалыптастыра аламыз, – деді ол.
Спикердің сөзінше, әлемде жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуатына сұраныс артып келеді. Осыған байланысты Қазақстан энергетикалық ресурстарын цифрлық инфрақұрылыммен ұштастырып, жаңа технологиялық бағыттарды дамытуға мүмкіндік ала алады.
– Қазір бүкіл әлемде есептеу қуатына сұраныс жоғары. Егер біз өз мүмкіндіктерімізді, деректер орталықтарын дамыту жұмыстарын және Nvidia сияқты технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты біріктірсек, осы саладағы өз құзыреттерімізді қалыптастыра аламыз, – деп атап өтті Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту ғарыш индустриясымен де байланысты. Бұл бағытта есептеу қуатын арттырумен қатар, ғарыштық және жерүсті инфрақұрылымдарының өзара байланысын қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен қатар Бағдат Мусин Қазақстанға ірі технологиялық компанияларды тарту мәселесіне де тоқталды.
Оның пікірінше, еліміздің Орталық Азиядағы географиялық орналасуы өңір мемлекеттеріне цифрлық қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.
– Неліктен ірі технологиялық компаниялар Қазақстанға келуі керек? Біріншіден, бұл технологиялармен жұмыс істейтін нарыққа алғашқылардың бірі болып кіргендер көбірек пайда көре алады. Біз Орталық Азия елдеріне осындай қызметтер ұсына аламыз. Бұл ретте Қазақстан өңірлік орталық бола алады, – деді ол.
Сонымен қатар спикер жасанды интеллект саласында есептеу қуатының болуы жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық цифрлық байланыстардың сапасы да маңызды рөл атқарады.
– Жасанды интеллект революциясы үшін есептеу қуаты ғана емес, елдер арасындағы өзара байланыс та қажет. Біз жаһандық цифрлық кеңістікпен тығыз байланыста болуымыз керек, – деді Бағдат Мусин.
Осы ретте ол Қазақстанның талшықты-оптикалық байланыс инфрақұрылымын дамыту және Каспий өңіріндегі деректерді тасымалдау бағыттарының мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарына назар аударды. Спикердің сөзінше, бұл бағыттағы мақсаттардың бірі – деректерді жеткізу кідірісін 45 миллисекундқа дейін қысқарту.
Бағдат Мусин ірі технологиялық компанияларды тартуда мемлекеттік қолдау мен қолайлы құқықтық жағдайдың да маңызын атап өтті.
– Үкімет бұл индустрияны қолдайды. Бізге осындай компанияларды тарту үшін қажетті жағдай жасау маңызды, – деді ол.
Оның айтуынша, деректер орталықтарын дамыту үшін энергетикалық инфрақұрылымның жеткілікті болуы шешуші факторлардың бірі саналады.
– Энергия өндіру жоспарларына тоқталсақ, қосымша 5 ГВт энергетикалық қуат қалыптастыру мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Оны осындай есептеу қуаттарын дамытуға пайдалануға болады, – деп түйіндеді Бағдат Мусин.
Бұған дейін Қазақстан AI-экономиканың барлық бес деңгейін дамытуды көздейтінін жазғанбыз.