Қазақстан Орталық Азия, Ауғанстан мен Кавказ елдеріне дамуға ресми көмек көрсетуге ниетті - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азия, Ауғанстан мен Кавказ елдеріне дамуға ресми көмек көрсетуге ниетті. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан шетелдерге шамамен 100 млн. долларды құрайтын түрлі көмектер көрсетті. Алайда, бұл бағыттағы жүйелеліктің болмауы салдарынан Қазақстан донор ел ертінде саяси және экономикалық дивидендтер ала алмай келеді. Мәселен, екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстан көрсетіп жатқан көмектер БҰҰ ДБ мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйым тарапынан есепке алынбайды. Сондықтан да, заң жобасы ең біріншіден дамуға ресми көмекті жүйелендіруге негізделеді», - деді Е. Ыдырысов.
Министрдің айтуынша, дамуға ресми көмектер көрсетудің ұлттық жүйесі дамыған мемлекеттің басты атрибуттарының бірі болып табылады. Бұдан бөлек, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен әріптестікті нығайтуды жоспарлап, кейіннен осы ұйымға енуді де көздейді. Сонымен қатар, дамуға ресми көмекті жүйелендіру элиталы клуб саналатын ЭЫДҰ-на мүше елге қойылатын басты талаптарының бірі. «Өңірлік лидер бола отырып, Қазақстан осы аймақтағы баршаға аян проблемаларды шешуде шет қала алмайды. Соның ішінде Ауғанстаннан халықаралық күштер кеткеннен кейін, Орталық Азияда ахуал нашарлай түсетіні болжанады. Сондықтан да, Қазақстанның дамуға ресми көмек бойынша ниеті негізінен Орталық Азия, Ауғанстан мен перспективада Кавказды қамтуы мүмкін», - деді Е. Ыдырысов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Орталық Азия өңірінде дамуға ресми көмек көрсете алатын деңгейде Қазақстаннан басқа мемлекет жоқ. «Сондықтан да, дамуға ресми көмектің ұлттық жүйесін құру еліміздің өңірлік көшбасшылық позициясын одан сайын күшейте түспек. Осы тұрғыдан өңірде алғанда тату көршілік белбеуін нығыздай отырып, Қазақстанның дамуға ресми көмегі өңірдегі «жұмсартылған күшімізге» айналады», - деді СІМ.
«Орталық Азия - көптеген халықаралық ойыншылардың назарын өзіне бұрып отырған аймақ. Орталық Азия - Қазақстанның да дәстүрлі стратегиялық мүдделерінен тұратын аймақ. Ендеше Қазақстан үшін осы өңірдегі өмірлік маңызы бар мүмкіндікті уыстан шығарып алмау аса маңызды», - деді ол.