Қазақстан Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосып отыр - Тиберио Грациани

АСТАНА. ҚазАқпарат - Vision & Global Trends талдау орталығының төрағасы Тиберио Грациани Астана халықаралық форумы барысында Jibek Joly телеарнасына арнайы сұхбат беріп, Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі рөлі және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық перспективалары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Сұхбат барысында Тиберио Грациани Қазақстанның өте жас республика екенін атап өтті.

Дегенмен оның мәлімдеуінше, 30 жылдың ішінде еліміз өзгеріп, жаңа Қазақстан пайда болды. Сонымен қатар аталған уақыт ішінде елімізде экономикалық эволюция болды.

Сондай-ақ, шетелдік мейман елімізде жастардың саны артқанын айта келе, өскелең ұрпақ жас республикамыздың болашағы екендігіне сенім білдірді.

Спикер Қазақстандағы саяси реформаларға қатысты Президенттің, Үкіметтің жаңарып, Конституцияға өзгерістер енгізілгенін атап өтті.


Одан бөлек, маман экономика мен бизнесті ілгерілету бағытында Конституцияға жаңа баптардың қосылуы өте маңызды екендігіне тоқталды.

Тиберио Грациани Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі қозғаушы күш екенін айтады.

«Менің ойымша, Қазақстан басшылығы өңірдің басқа елдерін қолдауға жауапты. Өйткені, Қазақстанның рөлі - Орталық Азиядағы теңдестірілген әлеуметтік-экономикалық жағдайға жәрдемдесу. Меніңше, Қазақстан өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікке ғана емес, кейбір геосаяси аспектілерге де жәрдемдесе алады», - дейді ол.


Тиберио Грациани Астана соңғы 20 жыл ішінде бейбітшілік пен өркениеттер диалогына арналған форумдардың бесігі екенін, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың назарын ядролық бейтараптық проблемасына аударатынындығына тоқталып өтті.

Vision & Global Trends талдау орталығының төрағасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қызығушылықтың артуы, Қазақстанның оған қатысуы және Еуропаның одан қандай пайда көретіні туралы сұраққа жауап бере отырып, бастама шеңберіндегі ортамерзімді ынтымақтастықтың перспективалы екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар