Қазақстан Орталық Азиядағы әуе нарығынан айырылып қалмаудың қамын ойлауы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азиядағы әуе нарығынан айырылып қалмаудың қамын ойлауы керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Николай Логутов осындай мәселе көтерді.

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе нарығынан айырылып қалмаудың қамын ойлауы керек

«Алматы» халықаралық әуежайының ұшу талаптарына сәйкес емес екенін біз бірнеше мәрте көтергенбіз. Ал осы мәселені ары қарай зерделесек, халықаралық талаптарға сай келетін жаңа әуежай салу өзекті болып табылады. Өйткені, бүгінгі таңда өңірдегі транзиттік жолаушылар ағыны күрт артып отыр», - дейді Н. Логутов.

Оның айтуынша, Орталық Азияның жүрегінде орналасқан Қазақстан әуе нарығының бел ортасында тұр.

«Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда өңірде ағылған әуе тасымалдардың үлкен бөлігі Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы да өтіп жатыр. Сондықтан да, мұны ескерген біздің көршілестеріміз әуежай салу мәселесіне үлкен мән беріп, түбегейлі айналысуға кіріскен. Біз де бүгін осы мәселені қолға алмасақ әуе нарығынан айырылып қалуымыз ықтимал», - деді депутат Н. Логутов.