Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамту мақсатында Қырғызстанға өтеусіз әскери техникалар жөнелтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамту мақсатында Қырғызстанға өтеусіз әскери техникалар жөнелтпек. Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.
None
None

Отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Келісімге екі елдің Қорғаныс министрлері 2015 жылдың 24 маусымында Астанада қол қойған. Құжатқа сәйкес Қырғыз тарапына атыс қаруларын, патрондарды, түтіндеткіш гранаталар мен құтыларды, С-75 зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер мен жиынтықтаушы бұйымдарды беру көзделеді. Қару-жарақтар өтеусіз негізде беріледі.

«Қазіргі таңда Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумағында Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін үдерістер даму үстінде. Осыған байланысты Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмектер көрсету туындап отырған қауіптердің бетін қайтаруға мүмкіндіктерді арттырады. Тұтастай алғанда, осы арқылы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға көмек беретін боламыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Заң жобасы Парламент Сенатының алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар