Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торапқа айналдыру ұсынысын қолдайды - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торабына айналдыруға ұмтылады. Елордада өтіп жатқан Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің әлемнің ешқашан тыныш болмағаны белгілі. Қазір бетпе-бет келіп отырған мәселер белгілі бір деңгейде қауіп төндіруі мүмкін. Осыларды ескере отырып, Қазақстан көпвекторлы, сындарлы саясатты жалғастырып келеді. Сондай-ақ, біз Біріккен ұлттар ұйымының жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаларды берік ұстанамыз. Бұған қоса, Азияның экономикалық және саси тұрғыдан шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан өз тарапынан Азияның ұзақ мерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды көтеріп отырады», - деді Мұрат Нұртілеу.

Министр атап өткендей, Қазақстан Орталық Азия елдері арқылы өтетін тауар көлемін арттыру мақсатында қолданыста бар дәліздерді дамытуға және жаңа бағыттар ашуға аса көңіл бөлуде.

«Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торабына айналдыруға ұмтылады. Біз солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы трансқұрлықтық көлік дәлізін, соның ішінде Транскаспий көлік маршрутын дамытуды қолдаймыз және жалғастырамыз», - деп түйіндеді министр.

Еске салайық, бұған дейін елордада Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатқанын хабарлап едік. Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram