Қазақстан отандық экспортты әртараптандырмақ
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Индустрия және жаңа технологиялар министрігі әзірлеген Ұлттық экспорттық стратегия аясында Қазақстан өз экспортын әртараптандыруға көшеді. Бұл туралы бүгін "KAZNEX INVEST" Ұлттық агенттігі экспорттық талдау департаментінің директоры Қанат Қожамқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, 2012 жылдың көрсеткіштері бойынша, Қазақстанның жалпы экспорттық көлемі 86 млрд. долларды құрап отыр. Әрине, оның басым бөлігі шикізаттық тауарлар, соның ішінде мұнай мен металл өнімдерінің үлесі жоғары. Ал өңделген тауарлардың көлемі 21,4 млрд. АҚШ долларын құраған.
«Қарқыны жақсы. Бірақ негізінен 15 тауар Қазақстан экспортының 91 пайызын құрайды. Оның ішінде мұнай 65 пайызды иеленеді. Негізгі мақсатымыз - әртараптандыру саясатын қарқындату. Оның ішінде тауарлық әртараптандыру және елдік әртараптандыру. Осы бағытта ұлттық экспорттық стратегия жасалды. Оның басты бағыты - шикізаттық экспорттан елімізді тәуелсіз ету», - деп атап өтті ол.
Стратегия шеңберінде металлургия, көлік құрастыру, химия және тамақ өнеркәсібінің тауарларына экспорттық басымдық берілмек. Сонымен қатар қазақстандық экспорттың өткізілетін негізгі 12 нарығы анықталды. Олар: Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қытай және оның батысындағы аймақтар, Ауғанстан, Иран және ЕО нарығы.