Қазақстан өз азаматтары үшін онлайн қызметтердің қолжетімділігін қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етті - сарапшы пікірі

«Бәрінен бұрын, Қазақстанның өз азаматтары үшін онлайн қызметтердің қолжетімділігін қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етуі маған қатты әсер етті. Оның үстіне, көрсетілетін онлайн қызметтердің саны қазірдің өзінде айтарлықтай көп екен», - деп атап өтті АҚШ, Еуропа мен Азияның ақпараттық-коммуникациялық технологиялары нарығын талдау жөнінде 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар де Марсильяк мырза. Филипп де Марсильяк халықаралық нарық, дербес компьютер, АКТ нарығын зерттеу, оның кәсіпорындарының жүйелері мен шешімдері жөніндегі маман.
Сарапшының пікірінше, дами бастағанына аса көп болмағанына қарамастан, Қазақстанның электрондық үкіметі еуропалық баламаларымен салыстырғанда анағұрлым мол нәтижелер ұсына алады. «Қазірдің өзінде жылына 30 миллион сұраныс түседі екен, бұл өте үлкен жетістік. Шамамен алғанда, әр тұрғынға екі сұраныстан келеді. Бұл аталған жүйенің халыққа қажеттілігін көрсетеді. Өйткені, әлемнің кез-келген еліндегі ең басты проблема - ол кезектің көптігі, онда адам бір қызмет түрін пайдалану үшін тым көп уақытын жоғалтады. Бұл жағынан сіздерде үлкен алға жылжушылық бар екен. Енді келесі қадам - азаматтар электрондық қызметті бұдан да белсенді пайдалану үшін, аталған жұмысты одан әрі жандандыру қажет», - деді Филипп де Марсильяк.
Бүкіл әлемге танымал, ақпараттық технологиялар нарығын зерттеумен айналысатын талдау фирмасының басшысы болып табылатын де Марсильяк мырза бірнеше жылдан бері электрондық қызмет көрсету саласы дамудың жоғары деңгейіне жеткен Гонконг қаласында тұрады. «Бізде бизнес бірнеше сағат ішінде тіркеледі, сондықтан да мен Қазақстандағы жағдай да осы деңгейде екенін біліп өте қуанышты болдым. Қазақстандық электрондық үкіметтің ең үлкен артықшылығы - мұнда барлық ақпараттық жүйелердің өзара байланысты болып, тез арада ақпарат алмаса алатындығында. Тіпті пәтер сатқан жағдайда да барлық мәселе бірнеше сағаттың ішінде шешілуі мүмкін», - деп атап өтті IDC вице-президенті.
Бүгінде Қазақстанда бизнесті тіркеу бір күннен аспайтын уақыт ішінде жүргізіледі, орташа есеппен алғанда, электрондық үкіметтің порталы арқылы қызмет 4-5 сағат ішінде көрсетіледі. Онлайн қызмет түрі арқылы мәселені тез әрі сапалы шешу өкімет жұмысының ашықтығы мен азаматтардың сенімін айтарлықтай деңгейде арттырады, дейді Филипп де Марсильяк.