Қазақстан өз дамуында жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосқан елге айналды - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өз дамуында жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосқан елге айналды.

Қазақстан өз дамуында жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосқан елге айналды - Елбасы

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналаған Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Сөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы тарихына да шолу жасаған еді.

«Ең алдымен егемен алғанда еншімізге ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ, әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ жері ешқашан халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан болатын. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтті шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпағымыздың алаңсыз болуы үшін мәңгілікке шегендедік», - деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Н. Назарбаев егемен Қазақстанда жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жою қаруларына толы болғанын, тәуелсіз ел болғанда соның бәрінен жерімізді азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастағанымызды атап өтті.

«Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын алға тартқан Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосқан елге айналды», - деді Елбасы.