Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік деңгейінде жалғаса береді - сарапшы пікірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік деңгейінде жалғаса береді. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабеков білдірді.
«Меніңше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси байланыстардан айта қоярлықтай өзгерістер күтудің қажеті жоқ. Өйткені, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өз халқына құттықтауын 1 қыркүйекте жарияланды. Маған ол елдің 25 жылда жүріп өткен жолын қорытындылау және болашаққа жасалған үндеу сияқты көрінді. Дәл осы құттықтауда Өзбекстан басқа елдердің ішкі ісіне араласпау, өзге елдердің егемендігін құрметтеу, өзге елдің аумағында әскери база ұстамау, басқа елдерге өзбек елінің қарулы күштерін жібермеу саясатын ұстанатындығы айтылған. Демек, Өзбекстанның жалпы Орталық Азияға қатысты ұстанып отырған саясатында, жақын арада қандай да бір өзгеріс бола қоймайды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас та стратегиялық серіктестік деңгейінде жалғаса береді», - деді сарапшы.
Ж.Сарабеков Өзбекстанның келесі президенті ең алдымен ішкі мәселелерді шешуге ден қоятындығын атап өтіп, И.Каримовтің мұрагері кім болуы мүмкіндігіне қатысты өз жорамалымен де бөлісті.
«Қазір екі адамның есімі аталуда. Оның бірі - Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Ш.Мирзиёев, ал екіншісі - вице-премьер әрі Қаржы министрі Р.Азимов. Қазіргі уақытта сарапшылар арасында да, ақпараттық кеңістікте те Шавкат Мирзиеевтің мүмкіншілігі мол деген пікір қалыптасқан және мұнымен келісуге болады. Себебі, Ислам Каримовты жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі Мемлекеттік комиссияны кім басқарса, соны әдетте келесі Президент ретінде көруге болады. Бұл ретте ішкі элита арасында өзара келісімнің болатыны анық. Ал жерлеу рәсімін ұйымдастыруды Шавкат Мирзиеев басқаратындығы белгілі. Демек, бұл жайт оның ішкі элитамен белгілі бір келісімге қол жеткізгендігін байқатады. Бұл факт келесі президент Ш.Мирзиеев болады деген тұжырымды күшейте түседі», - деді Ж.Сарабеков.